Талдықорғандағы жол жөндеу жұмыстары cынға алынды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов Талдықорған қаласындағы Шевченко көшесінің Құрманов көшесінен Қабанбай көшесіне дейінгі бөлігінде ұзаққа созылып кеткен жол жөндеу жұмыстарының барысын аралап көрді. Сол орында мердігер компаниялар «АРС-1» және «ТурГаз» ЖШС-ларының өкілдерімен жедел жиын өткізді. Айдарбек Байжанов жөндеу жұмыстарының барысын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ең шиеленісті учаске - орталық саябақтың кіреберісі. Тротуар әлі салынбағандықтан жаяу жүргіншілер автокөлік жолына шығып жүруге мәжбүр. Бұл ретте мердігерлер жөндеу жұмыстары жүріп жатқанынан хабардар ететін арнайы қоршау да, ескерту белгілерін де қоймаған.

Айдарбек Байжанов бірінші кезекте барлық қажетті белгілерді орнатуды, тротуарларды жөндеуді, мұнан соң басқа да кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырды. Жасалған жұмыстардың сапасын облыс әкімінің орынбасары 10 күннен кейін өзі келіп көретінін ескертті.

Келесі нүкте Абай көшесіндегі «Ален» балақшасы тұрған тұс болды. Бұл жерде жолдың шұңқырларын бітеу жұмыстары жүріп жатыр, бірақ бұл іс те ұзаққа созылып кеткен. Тұрғындармен тілдескен Айдарбек Байжанов жөндеу жұмыстары да, онымен бірге қолайсыздық тудырып отырған жағдай да таяу арада аяқталатынына сендірді.

Мердігерлерге тиісті тапсырмалар берген облыс әкімінің орынбасары бұл жұмыстарды өзінің жіті назарына алатынын айтты. Сонымен қатар коммуналдық шаруашылық мамандарына көгалдандыру, қураған ағаштарды кесу жұмысын жандандыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар