Талдықорғандағы Жетісу университетінде жастар орталығы ашылады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде Жастар орталығы құрылады. Ол жұмысын 1 ақпаннан бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық университеттің құрылымдық бөлімі ретінде ашылып, оған 12 студент штаттық қызметке алынады. Бұл жөнінде студент-жастардың ЖМУ ректоры Қуат Баймырзаевпен кездесуінде белгілі болды.

Ректор студенттерді жастар жылының басталуымен құттықтап, олардың білім мен ғылым, шығармашылық саласында үлкен жетістікке жетулеріне тілек білдірді. Кездесу мақсаты - кешенді жоспар құру үшін студенттердің Жастар жылында ұйымдастыратын іс-шараларын, мақсат-міндеттерін, ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау. Әр студентті мұқият тыңдаған ректор олардың сұранысын барынша қанағаттандыруға тырысты. Жыл бойы атқарылатын ауқымды істердің тізбесі жасалды.

Ең бастысы жастардың белсенділігін арттыру және жұмысқа тарту мақсатында Жастар орталығы ашылатын болды. Сонымен қатар, университет әкімшілігі шығармашылық бағытта жүрген студенттердің халықаралық, республикалық деңгейде өткізілетін байқауларға қатысуына қолдау көрсетуді еселемек. Жиында кәсіппен, ғылыми зерттеулермен айналысқысы келген студенттер үшін ерекше жағдай жасалатыны да айтылды. Студенттердің шетелге шығу сапаралары да назардан тыс қалмады. Жазғы демалыс кезінде Эстония еліне 10 күндік жазғы мектеп ұйымдастырылады.

Білім алушылардың бұдан басқа да әлеуметтік мәселелері қозғалып, мәселелердің шешу жолдары қарастырылмақ.

Фото: expomod.kz

Соңғы жаңалықтар