Талдықорғандағы жаңа балабақша өкілдері балаларды өздері тасымалдайды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорғанға қарасты Өтенай ауылдық округінде 50 орындық «Іңкәр» балабақшасы ашылды. Жаңа балабақша өкілдері балаларды өзі тасымалдайды. Ақысы айына 18 мың теңге. Тасымалдау қызметі де осы сомаға кіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қос қабатты мектепке дейінгі тәрбие мекемесін кәсіпкер алғашқыда тұрғын үй ретінде салған. Кейін көршілердің балабақша туралы мұң-мұқтажын ескере отырып, көпшілікке пайдам тисін деп шешкен.

«Байқағаным, балабақша ашам деушілерге мемлекет тарапынан қолдау үлкен екен. Елбасының өзі 2020 жылға қарай балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту 100 пайызға жетсін деп тапсырма қойып отыр. Соны орындауға үлес қосып жатқанымды мақтана айтамын»,- дейді балабақшаның иесі Жанар Акимеева.

Жаңа нысанның ашылуына Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев арнайы келіп, жылы лебізін білдірді.

«Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 87 пайыз. Жоспар бойынша биыл 91 пайызға жетуіміз керек. Менің ойымша, біз ол межені артығымен орындаймыз. Жалпы биыл 5 балабақша ашуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет пен жекеменшік серіктестік негізінде де бірнеше бақша ашу ойымызда бар»,- деді қала басшысы.

Әкім атап өткендей, бүгінде Талдықорғанда 7,5 мың бүлдіршін бақшаға барады. Қаладағы 50 балабақшаның 35-і жекеменшік.

Соңғы жаңалықтар