ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысындағы елді мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру айлығының аясында Талдықорғанда жалпықалалық сенбілік өткізілді. Бұл туралы ҚазАқпарат Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тазалық және көгалдандыру жұмыстарына 6 мыңға жуық адам, коммуналдық мекемелердің 50 техникасы тартылды. Қаладағы әр мекеменің еңбек ұжымдары өзіне қарасты аумақтарға тазалау жұмыстарын жүргізді. Қоқыстар жиналып, арықтар тазаланды. Осы күні жалпы көлемі 900 текше метрге жуық қоқыс жиналып, шығарылды.
Облыс басшысы Бейбіт Исабаев, өңірдегі ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, еріктілер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жастар ұйымдары «Жеңіс» саябағына мыңнан астам қылқан жапырақты ағаш отырғызды.
Биыл Жетісу облысында жалпы саны 93 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарланған, соның 2 мыңдайы бүгінге дейін «Жеңіс» саябағына отырғызылды.