Талдықорғандағы Тәуелсіздік көшесінің атауы өзгерді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласындағы орталық әрі ең ұзын, көрікті көшелердің бірі бұдан былай Нұрсұлтан Назарбаев көшесі деп аталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көшенің жалпы ұзындығы 6,8 км, ені 16-18 м. Тәуелсіздік көшесі бастауын Еркін ауылдық округінде орналасқан айналма жолынан алып, Қадырғали Жалаири даңғылына дейін созылған. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші, белгілі қоғам қайраткерлеріне орнатылған ескерткіштер де орталық көшенің көркін келтіріп тұр. Атап айтар болсақ, онда қазақ билеріне арналған «Үш ата» ескерткіші, қазақтың белгілі ақын-жазушысы Ғали Ормановтың бюсті бар. Бес демалыс сквері, оның ішінде ҚР Мемлекеттік рәміздеріне арналған кешен, 1 орталық алаң, 1 орталық саябақ, 1 аквапарк және 1 жоғары оқу орны, 5 колледж, 2 жалпы орта білім беретін мектеп, Алматы облысы әкімдігінің ғимараты, 2 ірі мемлекеттік мекеменің әкімшілік ғимараттары, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы, Ілияс Жансүгіровтың әдеби мұражайы, 1 балалар емханасы, стратегиялық маңызы жоғары нысан болып табылатын обаға қарсы станса, 2 балабақша, 5 ірі сауда орны, мейрамханалар орналасқан.


Сонымен қатар, Тәуелсіздік көшесі тұрғындар тығыз орналасқан аймақ. Атап айтқанда, 5-тен 12 қабат аралығындағы 51 тұрғын үй, жекеменшік 81 жер үй орналасқан. Жалпы аталған көше бойында 35 мыңнан астам адам тұрады.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Талдықорғандағы ең көрікті көшенің Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуына арналған салтанатты шара ертең сағат 12:00-де өтеді.

Еске салайық, бүгін ҚР Президенті міндетін уақытша атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі орталық көшелерге ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру ұсынысын жасаған болатын.

Соңғы жаңалықтар