Талдықорғандағы ойын-сауық кешендері жаппай тексеріледі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғандағы ойын-сауық кешендері жаппай тексерілетін болды. Бұған жуырда қаладағы көңіл көтеру орындарының бірінде болған атыстан  тұрғындардың наразылығы себеп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар билігі ойын-сауық орталықтарының арнайы тізімін жасап, ел-жұрттың пікіріне құлақ түрмек. Сол арқылы тұрғындардың мазасын қашырып, шектен шыққан бизнес нысандарына шара қолданбақ. Осыған орай  облыстық кәсіпкерлік палатасы жұрттың мазасын қашырған нысан иелеріне тоқтау салатын жаңа жобаны қолға алмақ. 

«Облыстық кәсіпкерлер палатасы арнайы этикалық кодекс әзірлеп жатыр. Құжатты дайындау барысында көңіл көтеру орындарының иелерімен де келісімге келмекпіз. Егер олар құжатта көрсетілген талапты ескермей, қала тыныштығын сақтауға немқұрайлық танытса палата тарапынан көрсетілетін қолдаулардан айырылады», деді облыстық кәсіпкерлер палатасының заңгері Баниямин Файзулин. 

Ал қала билігі енді тәртіпке мойынсұнбайтын ойын-сауық орындарымен күресті күшейтпекші. Ол үшін көпқабатты үйлердің маңындағы түнгі клуб, мейрамхана,дәмханаларға жақын тұратын жұртпен жүздесіп, пікірлерін тыңдап  "қара тізім" жасамақ. 

«Мұның бәрі қалалық әкімдіктің бақылауында. Көпқабатты үйлердің жертөлесінде және бөлек тұрған көңіл көтеру орындарының тізімі жасалып жатыр. Осы тізім бойынша қай ойын-сауық кешендеріне шағым ең көп түсті, наразылық басым, сол есепке алынады.  Ары қарай жауапқа тарту сияқты тиісті шаралар қабылданатын болады», - деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс.

Шаһардың тыныштығын бұзған "тәртіпсіз" көңіл-көтеру орындарына алдымен қатаң ескерту берілуі мүмкін.  Одан нәтиже шықпаса қызметін тоқтату да жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, тамыздың 10-нан 11-не қараған түні Талдықорғандағы ойын-сауық кешенің маңында оқ атылып, болған жағдайды куәгерлердің бірі видеоға түсіріп алған. Артынша  бейнежазба әлеуметтік желі арқылы таралып, халықтың наразалығын тудырды.  Бейнежазбаға түсіріп тұрған тұрғын  «Статус» ойын-сауық кешенінің маңында тұратын жандарға демалыс күндері маза  жоқ екенін айтады. Сонымен бірге, видеода  оқтың бірнеше рет атылған дауысы және бірнеше адамдардың бір-бірімен айқайласып жатқандығы естіледі. 

Соңғы жаңалықтар