Талдықорғандағы ескі үйлер біртіндеп сүріледі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанның негізгі көшелердіндегі ескі үйлер біртіндеп жойылады. Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Талдықорғанның даму жоспарымен танысу барысында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғандағы «Көрме кешенінде» Қанат Бозымбаевқа Талдықорғанның даму жоспары баяндалды. Қаланың Бас жоспары, қала аумағының жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары, Талдықорғанға кіреберіс аумақты абаттандыру және басқа да маңызды ақпараттар таныстырылды.

«Талдықорған жас қала болғанымен, оның өз тарихы бар. Сондықтан сәулетшілер, дизайнерлер және тарихшылар өзара бірлесе отырып, Жетісудың тарихымен үйлесетін сәулеттік келбетін қалыптастыруды ойластыру керек. Көрген адам қаланың бет-бейнесі бірден танитындай болуы керек. Абаттандыру кезінде жылы түстерді көбірек пайдаланған жөн. Дизайн-код дайындалсын. Көгалдандыру барысында бір жылдық өсімдіктерді отырғызуды тоқтатып, көпжылдық өсімдіктерге көшу керек. Оларды дер кезінде суғару мен баптау жұмыстары арнайы мекемеге бекітіліп берілуі тиіс. Қаланың жасыл желекті сипатын сақтауымыз керек. Шағын сәулеттік формалар, орындықтар, көше шамдары – жалпы абаттандыруға керектің бәрін мүмкіндігінше жергілікті жерде шығаратындардан алыңыздар. Жаңа шағын аудандар дамып келеді. Енді қаланың ескі бөлігімен айналысу керек. Тығыз орналастыру мақсатында ең алдымен негізгі көшелердегі көне үйлердің кемінде бір-екі қатарының орнын сатып алып, оған түгелдей заманауи көп қабатты тұрғын үйлер салу қажет. Сонда, біріншіден, қаланың сәулеттік келбетін жақсартамыз, екіншіден, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалады. Қажет болса, қала кеңістігін қалыптастыру жөніндегі арнайы мамандарды шақырайық», - деді Қанат Бозымбаев.
Презентация барысында қаланың жаңа тұрғын үй массивтерін газдандыру, саяжай қауымдастықтарын инфрақұрылыммен қамту, тұрғын үй құрылысы мәселелеріне қатысты да тақырыптар талқыланды. Сол сияқты «Ақылды қала» жобасы таныстырылды.


Соңғы жаңалықтар