Талдықорғанда Жапон елінің жобасы жүзеге асты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда «Асар» спорттық-оңалту орталығы Жапон елшілігінің арнайы грантын жеңіп алып, қондырғыларын жаңартты. Күншығыс елінің елшісі жобаның нәтижесін пысықтау үшін арнайы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2017 жылы Жапон елінің «Шөп тамыры» бағдарламасы аясында Талдықорғандағы «Асар» спорттық-оңалту орталығы 82 мың АҚШ доллары көлемінде арнайы грант ұтып алған болатын. Бұл қаржыға орталық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған түрлі құрал жабдықтар алды. Жаттығу құралдары жол көлік апаттарында, басқа да оқыс жағдайларда зақым алған адамдарды оңалтуға бағытталған. Өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарды қайта қатарға қосу мақсатында ашылған орталық көмегіне 500-ден астам адам жүгінген. 80 адам аяғынан тік тұрып, қайта жүру мүмкіндігіне ие болды.

Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи қалаға арнайы келіп, жобаның нәтижелерімен танысты. Жапон елі әртүрлі бағытта 100 ден аса жобасын Қазақстанда жүзеге асырды. Екі ел арасындағы әлеуметтік саладағы ынтымақтастық алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

«Бұл — өте жақсы бағдарлама. Науқастар сауығып, аяғына тұрып кетіп жатыр. Мұндай жандар Қазақстанда да, біздің елде де бар. Сондықтан оларды оңалтып, қатарымызға қосу біздің ортақ міндет. Біз алдағы уақытта да байланысымызды үзбей бірге жұмыс істей береміз деген сенімдемін», - деді елші Тацухико Касаи.

«100 жаңа есім» жобасының алғашқы қарлығашы Елдос Баялышбаев «Асар» оңалту орталығының негізін қалап, бастаманың дамуына барынша үлес қосып келеді. Өзі де жол апатынан зардап шегіп, арбаға таңылған азамат облыс орталығында заманауи оңалту орталығын ашуды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар