Талдықорғанда жаңа театрдың алғашқы қазығы қағылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында жаңа театрдың алғашқы қазығы қағылды деп, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға арнайы әріптестерін құттықтауға ҚР Халық әртісі Досжан Жолжақсынов және белгілі режиссер Талғат Теменов арнайы келді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен өнер майталмандары ізгі ниет, ақ тілекпен капсуланы құрылыстың іргетасына салып, алғашқы қазығын қақты.  Сондай ақ өз тілегінде Досжан Жолжақсынов жалпы еліміз бойынша 50-ден аса театр болғанымен, біразының ғимараты ескі, заманға сай еместігін атап өтті. «Ал бұл тұрғыда Жетісу жастары бақытты, рухани болмысты қалыптастыруда жаңа театрдың үлесі зор болады» деді.

 Жаңа театр Талдықорған қаласының 7-ші ықшам ауданында бой көтереді. Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 10 538 шаршы метр. Көрермен орны 510 адамға лайықталған. Театрдың құрылысы жоспар бойынша 2018 жылдың 30 маусымында аяқталуы керек. Бірақ Алматы облысының әкімі драма театрдың құрылысын елімізге танымал құрылыс компаниясы салатынын атап өтіп, құрылысты мерзімінен бұрын аяқтайды деген үлкен сенімін білдірді. Сондай ақ Амандық Баталов бұл драма театрды Жетісу төрінде салуға Елбасының өзі қолдау білдіргенін айтты. Ал Талдықорған қаласындағы Б. Римова атындағы драма театр ұжымы бұл ақжолтай хабарды үлкен қуанышпен қабылдап, шексіз алғыстарын білдірді.

Айта кету керек, қазір Талдықорған қаласында жаңадан бой көтерген алтыншы және жетінші ықшам ауданда құрылыс қызу жүріп жатыр. Аталған аймақта неке сарайының да құрылысы басталып кетті. Ал жақын күндері жаңадан бой көтерген қонақ үй пайдалануға берілмек.  

null null null null null  

 

Соңғы жаңалықтар