Талдықорғанда жаңа көпқабатты үйдің жертөлесі кәріз суына толып қалды

None
Видеодан алынған кадр
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласындағы «Бірлік» шағынауданында орналасқан жаңа үйдің кәріз жүйесі бітеліп, жертөлесі нәжіс суына толып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірлік» шағынауданынындағы 18-үйдің пайдалануға берілгеніне 3 жыл болды.

Осы аз ғана уақыт ішінде кәріз жүйесі 4-5 рет бітеліп қалған. Жертөлеге жайылған нәжіске толы судың иісі қолқаны қабады.

«Мысалы менің балаларым маған осы пәтерді өздерінің ақ-адал еңбегімен алып берді. Кредитін әлі төлеп болған жоқ, басқалар да бұл үйді несиеге алған. 21 ғасырда осындай нәжістің ішінде отыру енді сұмдық жағдай ғой. Жүйесі дұрыс жасалмағандықтан, қайта-қайта бітеліп, жертөле нәжіске толып жатыр, меніңше. Міне, бір аптаның ішінде екінші рет жертөле кәріз суына толып қалды. Терезені аша алмаймыз, ашсақ, иісі үйге кіреді. Подъездің ішіне кіре алмайсың. Сасық. Тұрғындар ана кәріз суын өзіміз ақша жинап сорғызамыз. Мен қарсымын»,- дейді пәтер тұрғыны Зәуре Әубәкерова.

Талдықорған қалалық тұрғын үй инспекциясындағылар аталған үйдің 2 жылдық кепілдік мерзімі өтіп кеткенін жеткізді.

Сол себепті үйді күтіп ұстауға тұрғындардың өздері жауапты.

«Кепілдеме уақыты өткен. Оның уақыты өткеннен кейін әр пәтердің тұрғындары өз үйін өздері күтіп ұстауы керек»,- дейді Талдықорған қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Берік Абылхан.

Ал сол үйге жауапты басқарушы компания өкілдері жертөледегі суды сору кезінде түрлі заттар шығатынын айтады.

«Алдыңғы күні тағы да бітелді. Бітелу себебі - кәрізді тұтас тазалағанда үлкен шүберек шықты. Кәдімгі еден жуатын материал. Сол себептен бітеліп, 18-ші үйдің үшінші подъезінен қайта су аққан»,- дейді басқарушы компания басшысы Мейіржан Әкімбек.

Кәріздің бітелуіне тұрғындар кінәлі ме, әлде құбыр жүйесі дұрыс салынбаған ба - ол жағы белгісіз.


Соңғы жаңалықтар