Талдықорғанда тұңғыш рет Қошқар чемпионаты өтті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда етті және жүнді қошқарлар арасында чемпионат өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған шараға 40-тан аса шаруашылық шопан ата төлін жарысқа қатыстырды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

Етті бағыт бойынша бірінші орынды Ақсу ауданының  Қызылағаш ауылындағы Берікбол Базарбаевтың 93 келі тартатын қошқары жеңіп  алса, ал жүнді бағыт бойынша 1-ші орын Қаратал ауданының «Бақыт-Қаратал» шаруа қожалығына бұйырды. Олар әкелген қошқардың салмасы 102 келі. Жалпы екі бағытта өткен сайыста қошқарлардың бойы, жасы, кеудесінің көлемі, салмағы есептелді. Ал қазылар алқасының мүшелері арасында Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің  директоры Еркебұлан Ахметов, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нұрлан Малмақов сынды мамандар болды.

null«Бұл қазақтың биязы жүнді, қаратал типі қошқары 12-14 келіге дейін, ал саулығы 5-6 келі жүн береді. Ал жүннің нарықтағы бағасы 1000 теңге.  Қазіргі күнде жүнге деген сұраныс өте көп. Жылына 30 тонна жүн өткіземіз. Бұйыртса, осы тұқымды көбейтіп, алдағы уақытта экспортқа шықсақ деген мақсатымыз бар. Қазіргі күні 7 мыңға жуық қойымыз бар», -деді жүнді бағыт бойынша бірінші орын алған   «Бақыт-Қаратал» шаруа қожалығының директоры Серікжан Жексембиев.

Жеңімпаздарға 1-орынға 150 мың теңге, екінші орынға 100 мың теңге, үшінші орынға 50 мың теңге берілді. Ал тұңғыш рет ұйымдастырылған шараны «Қазына» агрохолдингі ұйымдастырды.

null  «Бұл шараның негізгі мақсаты - біздің компанияның  құрылғаннан бергі 11 жыл ішінде жеткен нәтижесін көрсету. 11 жыл ішінде біз шағын шаруашылықтан агрохолдингке айналдық. Осы шараны өткізуге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ҰКП қолдау білдірді. Бастапқыда бізде 93 бас болған. Қазір 2,5 мың бас асыл тұқымды шаруашылыққа жеткіздік. Оның ішінде 1900 бас аналық бас, 600 бас таза асыл тұқымды қошқарлар. Біздің негізгі тұқымымыз  гемпшир және суффолк, немесе қазақи тез  жетілетін қошқар. Мен сол тұқымның негізгі авторларының бірі боламын. Осы тұқым болып бекітіліп шыққанына бес жылдың көлемі болды. Тек етті бағытта ғана жұмыс істейміз,  өйткені әлемге тамақ керек. Жаңа жарыста көрдіңіздер, меринос қойларын ұстайтындар ренжімесін, бұл қошқарлардың салмағы 80-нен әрі аспай жатты», - деді «Қазына» агрохолдингінің  төрағасы Алмасбек Садырбаев.

nullСондай-ақ министрліктен келген департамент басшысы субсидия алудың жолдары және бағдараламалар жайлы шаруа қожалықтарына айтып берді. 

Соңғы жаңалықтар