Талдықорғанда шойын қақпақтарды ұрлағандар ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда шойын қақпақтарды ұрлаған екі азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Алдабергенов көшесіндегі үш шойын қақпақтың ұрланғаны жайында қаладағы коммуналдық кәсіпорындардың бірінің қызметкерлері арызданған. Шығын мөлшері алпыс мың теңге көлемінде бағаланған.

Полицейлер күдіктілердің ізіне түсіп,олардың 40 және 54 жастағы облыс орталығының тұрғындары екенін анықтады. Олардың бірінің үйінен полиция қызметкерлері металл қабылдау пунктіне дайындалған, жәбірленуші ұйымның өкілдері таныған ерекше белгілері бар екі шойын қақпақты тапты. Сонымен қатар тәртіп сақшылары ұрланған заттарды сатып алып жүрген 64 жастағы жергілікті азаматшаны анықтап, тінту кезінде одан тағы үш қақпақты тәркіледі. Бұларды күдіктілерден сатып алғаны да белгілі болды.

Металл ұрыларының айтуынша, «өз істеріне» кешкі сағат сегізден тоғызға дейінгі аралықта, яғни қараңғы түскенде жеңіл автокөліктерімен барған.

Қазіргі таңда күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Әзірше, төрт дерекке қатыстылығы дәлелденген. Олар әрқайсысы 40 келіге жуық салмақ тартатын 8 шойын қақпақты да ұрлаған. Күдіктілердің бірі мүгедектігіне байланысты мекен-жайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылды. Екіншісі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.


Соңғы жаңалықтар