Талдықорғанда шетелдік көлігін заңдастырған тұрғын 2 млн теңге үнемдегенін жеткізді

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда шетелдік көлігін бірінші болып заңдастырған Дина Қалдыбек қаржысының айтарлықтай үнемделгенін жеткізді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Талдықорған қаласының тұрғыны, 35 жастағы Дина Қалдыбек 2022 жылы Грузиядан әкелінген көлігін тіркеді.

«Көлік Америкадан Грузияға жеткізілді. Грузиядан Қазақстанға алып келгенде кедендік рәсімдеу мен салығына шамамен 1 млн 850 мың теңге төледік. Ал біз Грузиядан алған көлік Lexus nx 200t маркалы, 2016 жылы шыққан. Грузиядан 24 мың долларға алдық. Көлікті заңдастыру үшін 2,3 млн теңгеге жуық қаржы төлейтін едік. Мемлекет басшысының тапсырмасының нәтижесінде мен 200 мың теңге ғана төледім. Талдықорғандағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында көлігімді екі сағаттың ішінде заңдастырып алдым. Президенттің тапсырмасымен жасалған жеңілдік бізге үлкен көмек болды. Бүгінгі күн мен үшін мереке сынды», – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Дина Қалдыбек.

Еске салайық, бүгін, яғни, 23 қаңтар Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны басталды.

Кез келген көлік иесі бұл науқанды пайдалана алады және заңдастыруға өтініш бере алады.


Соңғы жаңалықтар