Талдықорғанда шағын футболдан Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнир өтті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында белгілі журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Бейсен Құранбекті еске алуға арналған республикалық турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың басты мақсаты бір жыл бұрын мезгілсіз қайтыс болған танымал журналист, «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларының жүргізушісі Бейсен Құранбекті еске алып, ақпарат саласында жұмыс істейтін ізбасарлары арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамыту.

Жетісу төрінде алғаш ұйымдастырылған жарысқа Алматы, Шымкент, Талдықорған қалалары мен Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан барлығы 8 команда қатысты.


Ойыншылардың бәрі бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлері. Тартысты додада жартылай финалға Алматы мен Шымкент, Тараз бен Қызылорда командалары шықты.

Жарыс қортындысы бойынша Шымкент қаласының командасы үшінші орынға, Тараз командасы екінші орынға, Алматы қаласынан келген команда бірінші орынға ие болды.


«Бұл жарыста жеңілген команда жоқ. Ең бастысы, біз әріптесіміздің рухына тағзым етіп, Бейсен Құранбектің есімін ұмыттырмауға, шығармашылығын насихаттауға бір кісідей атсалыстық. Сондықтан біздің басты жеңісіміз - осы», - деді марқұмның досы, «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Досан Қызайбекұлы.

Жүлделі үштіктен көрінген командаларға естелік кубоктар мен қаржылай сыйақы берілді. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне Алматы облысының әкімдігі, Қазақстан журналистер одағы, облыстық «Жетісу» телеарнасы және жергілікті кәсіпкерлер атсалысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтіп тұрады.


Соңғы жаңалықтар