Талдықорғанда сенім мен адалдыққа негізделген ерекше дүкен ашылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Талдықорғанда «Адалдық дүкені» ашылды. Бұл дүкен Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ғимаратында орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Жер жаннатын аялайық, жемқорлықтан арылайық!» атты айлық жариялады. Бекітілген жоспарға сәйкес, айлық аясында «Адалдық дүкені» жұмысын бастады. Бұл дүкеннің басты ерекшелігі - сатушысы жоқ. Сауда орнында калькулятор, төленетін ақшаға арналған арнайы жәшік орналасқан. Сатып алушы қажетті тауарды алып, өз бетінше құнын есептеп, қажетті қаражатты жәшікке салып, қалған ақшасын өз бетімен қайтарып ала береді.

«Бұл тәжірибені біз Скандинавия елдерінен алып отырмыз. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным мен адалдық қағидаттарын қалыптастыруда «Адалдық дүкенінің» ашылуы біздің қоғам үшін әлеуметтік жауапкершілік сезімінің тамаша іргетасы болары сөзсіз», - деді Алматы облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев.

Ешкім сатып алушыларды бақыламайды және тауардың ақшасын төлемей алып кетуіне кедергі жасамайды. Барлығы толық сенім мен адалдықта негізделген. Бейнебақылау камералары да, күзет те жоқ. Алдағы уақытта осындай «адалдық алаңдары» Алматы облысының жоғарғы оқу орындары мен колледждерінде ашылатын болады.

Соңғы жаңалықтар