Талдықорғанда полицейді балағаттаған әйел көше сыпыруға мәжбүр болды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының орталығында 56 жастағы әйел қалалық соттың шешімімен 60 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды. Жазасын өтеушіге ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы 1-тармағына сәйкес полиция қызметкерін қорлады деген айып тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқиға өткен жылы мамыр айында, Талдықорған қаласында болған. Учаскелік полиция инспекторы қоғамдық орында ішімдікке мас күйде жүрген әйел адамды ұстайды. Заңнама талабына сәйкес тәртіп сақшысы аталған азаматшаға медициналық тексеруден өту қажеттілігін түсіндіреді. Дегенмен, 55 жастағы әйел учаскелік инспектордың талабын орындаудан бас тартып, билік өкілін өз қызметтерін атқару кезінде әдепсіз сөздермен балағаттаған», - деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшының ескертуін елемеген қала тұрғынының қылығына қатысты учаскелік полиция инспекторы тиісті хаттама толтырып, сотқа жолдаған. Істі қараған Талдықорған қаласының соты А. есімді 55 жастағы қала тұрғынын билік өкілін қорлау дерегі бойынша кінәлі деп тауып, 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту туралы шешім қабылдады. Сотта айыпталушы өз кінәсін толығымен мойындады.

Пробация бөлімінің ақпаратына сәйкес, қала тұрғыны сот белгілеген 60 сағаттық жұмысты толығымен өтеп, қаланы тазарту және безендіру жұмыстарымен айналысты.

Өңірде соңғы екі жылда ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабымен көзделген билік өкілін қорлау дерегі бойынша қылмыстық істер саны артып отыр. Айта кетейік, өз қызметін атқару кезінде билік өкілін қорлауға жол берген азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің талабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Атап айтсақ, 2017 жылы 115 дерек тіркелсе, 2018 жылы 156 факті орын алған. Аталған фактілердің ешқайсысы ескерусіз қалған жоқ. Барлығы бойынша қылмыстық өндіріс қозғалып, кінәлілер жауапкершілікке тартылды», - деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Алматы облысының полицейлері заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы екі бөліктен тұратынын және айыппұл мен қоғамдық жұмысқа тартудан бастап қырық тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қолданылатынын ескертеді.

Соңғы жаңалықтар