Талдықорғанда өзін-өзі қорғамақ болған полиция қызметкері ер адамға оқ атып өлтірді
2015 жылғы 31 шілде 15:19

Талдықорғанда өзін-өзі қорғамақ болған полиция қызметкері ер адамға оқ атып өлтірді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында өзін-өзі қорғау мақсатында табельдік қаруды қолданған полиция қызметкері өзіне шабуыл жасаған ер адамды атып өлтірді.

«Ағымдағы жылдың 29 шілдесінде веб-порталға күміс түсті «Тойота-Камри 40» маркалы көлігі облыс орталығында жылдамдықты асырып, жол қозғалысы ережелеріне қайшы келетін әйнектері қараңғылатылған және алдыңда мемлекеттік нөмірлік белгісіз жүргені туралы хабарлама келіп түскен. 30 шілде күні шамамен сағат 22-де полиция капитаны Б.Шәмшидинов, полицияның аға лейтенанты А.Нұрлыбаев және полицияның кіші сержанты А.Байбековтан тұратын «Бүркіт-157» патрульдік жасағы бұл автокөлікті Талдықорғандағы Тәуелсіздік-Ескелді би көшелерінің қиылысында тоқтатты», - деп хабарлады Алматы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Құжаттарды тексеру кезінде «Тойота-Камри 40» көлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлерінің талаптарына қарамастан орнынан тез қозғалып Тәуелсіздік көшесімен шығыс жаққа қарай жасырынуға әрекет жасады.

Полицияның аға лейтенанты А.Нұрлыбаев «Тойота-Камри 40» жүргізушісінің құқыққа қарсы әрекеттерінің алдын алмақ болды. Соңғысы шұғыл бұрылған кезде көлігі капотының шетімен полиция қызметкерін іліп алып кеткен де оны 189 метр жерге дейін үлкен жылдамдықпен ала кетті.

«Бүркіт-157» экипажының кәсіби әрекеттерінің арқасында «Тойота-Камри 40» көлігі тоқтатылды. Аталған көліктің жүргізушісі полиция қызметкерлеріне қарсылық танытты, алайда ұсталған соң, оған қолкісен тағылды.

«Тойота-Камри 40» көлігінің ішінде үш жолаушы: екі бойжеткен мен бір ер адам отырған.

Полиция қызметкерлерінің талабы бойынша жолаушылар көліктен шықты. Олардың бірі, ер адам, полицейдің талаптарына құлақ аспай, бағынған жоқ, одан кейін тәртіп сақшысына қарай пышақ ала ұмтылды. Өзін-өзі қорғамақ болған полиция қызметкеріне табельдік қаруды қолдануына тура келіп, оқ атты. Көліктің жолаушысы алған жарақаты салдарынан көз жұмды.

Аталған оқиға бойынша барлық материалдар тергеу үшін облыстық арнайы прокуратураға жіберіледі, ол аяқталған соң полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық жағынан баға беріледі.

Jańalyqtar

MURAǴAT