Талдықорғанда мыңнан аса баспана заңсыз берілген

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда мыңнан аса баспана заңсыз берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанда 2015-2020 жылдар аралығында заң бұзушылықтары бар 1014 тұрғын үй, 330 құжатсыз пәтер жеке азаматтарға сол уақыт аралығында қызмет еткен мемлекеттік қызметкерелер тарапынан берілген.

Сонымен қатар құжатсыз 684 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына берілген. Бұл тізім бойынша мұрағаттық мәліметтермен салыстыру жұмыстары жүргізілуде. Оның 298-і «Береке» коттедж қалашығындағы үй, көп қаббатты үйлердегі пәтер саны 386.

«Халық тұрғын үй бөліміне келіп, кезекке тұрған. Бұл жемқорлық тәуекелдерін алып келеді. Себебі кезекте тұрған азаматтар мемлекеттік қызметкерлермен тікелей байланысқа шығып отырған. Әдетте бұрын кезекте тұрғандардың 30%-ы қайта тіркеуден өтетін. Олардың дені мүгедектер, зейнеткерлер және әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Алайда, кей тұрғындар өзінің жеңілдігін растамай келген. Тіпті, бір рет кезекке тұрып, ол туралы ұмытып кеткендер де бар. Айта кеткенім жөн, қайта тіркеудің болмауы кезектен шығару үшін негіз емес. Сондықтан пәтерге мұқтаж емес азаматтарды анықтау үшін, «Кезекте» порталын қайта қарап шығу қажет»,- деді Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев.

Жұмыс барысында 2054 азамат тізімнен алынған. Осылайша, шынымен баспанаға мұқтаж азаматтар алдағы уақытта арманындағы пәтерге қол жеткізбек.
Жалпы Талдықорған қаласының коммуналдық меншігінде 1993-2020 жылдары салынған 3235 тұрғын үй бар.
Талдықорғандағы тұрғын үйлерді бөлуде ашықтықты сақтап, жемқорлықтың алдын алу мақсатында тұрғындардың үй кезегі толығымен «Кезекте» порталына ауыстырылды. Осылайша,үй алу кезіндегі түрлі айла-әрекеттерге жол жабылмақ.
Айта кетерлігі бұған дейін тұрғын үй кезегі «Excel» бағдарламасымен жүргізілетін. Тұрғын үй кезегі жайында ақпаратты тіркеуге тұрғанда ғана алатын. Ал жаңа платформа жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, тұрғын үй кезегіндегі қателіктерді жоюға мүмкіндік бермек.
«Excel» бағдарламасындағы тізімдерді тексеру барысында 2 мыңға жуық сәйкессіздік анықталған. Оның ішінде 1044-нің дерегі қалпына келтірілген. 100 адамның тізімі өңделуде. Ал, 576 тұрғынның ЖСН, мүгедек баланың ЖСН және кезекке тұруы туралы анықтамасы жоқ.
Айта кетсек, 16333 азамат үй кезегінде тұр. Оның 6 327-і бюджеттік ұйымдардың қызметкері, 10 мыңнан астамы әлеуметтік әлсіз топқа жататын тұрғын.


Соңғы жаңалықтар