Талдықорғанда менингиттен көз жұмған баланың ата-анасы ауруханаға жатқызылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда 2 жастағы  бала ауруханаға жеткізілгеннен кейін айналасы бір жарым сағаттың ішінде көз жұмған. Дәрігерлер шетінеген бала менингиттен қайтыс болды деген  алдын-ала  диагноз қойып отыр. Ал мамандар  менингококтық инфекция жұқтырған бала соңғы рет ата-анасымен Алакөл ауданындағы Көлбай ауылына ауызашарға  барғанын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сол жерде баламен қарым-қатынаста болған 66 адамға толықтай тексеру жүргізілген. Қазір қайтыс болған 2 жас 8 айлық Айша Қабдолла есімді баланың ата-анасы 11 айлық баласымен бірге ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынғанын жеткізді.  Мамандар әзірге олардың жағдайлары жақсы екенін айтты. Қайтыс болған сәби  ауырған сәтте ата-анасы жедел жәрдем шақырып, бірақ бірден ауруханаға жеткізілмеген. Анасы  баланың ыстығын түсіруге өзінше талпынған көрінеді. Өкініштісі сол, науқас ауруы асқынқан кезде  ғана ауруханаға жедел жәрдеммен жеткен.

«Баланың мәйіті сараптамаға жіберілді. Оның құжаттары бойынша ұйғарым шығады. Содан  кейін қызметтік тексеру жүреді. Сол кезде барлығы анықталады. Егер дәрігерлер жағынан кінә болатын болса, ол анықталады», - деді Талдықорған қаласының өңірлік жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Сауранбаев.

Айта кету керек, соңғы екі айдың ішінде  Алматы облысы бойынша менингококтық инфекция жұқтырған  4 жағдай тіркелген. 

Соңғы жаңалықтар