Талдықорғанда коронавирустан көз жұмған әскери дәрігер «Құрмет» орденімен марапатталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда әскери дәрігердің отбасына мемлекеттік награда табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 28237 әскери бөлімі медицина қызметінің бастығы, медицина капитаны Бегалидин Алашбаевтың «Құрмет» орденін жұбайы Дамира Алашбаеваға табыс етті.

Марқұм қайтыс болғаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 13 шілдедегі жарлығымен қызметтік борышын үлгілі орындағаны және халық денсаулығын сақтаудағы жанқиярлық еңбегі үшін наградталған болатын.

Бегалидин Алашбаев еңбек жолын 2008 жылы Екібастұз қаласындағы емханалардың бірінде дәрігер болып бастаған. 2012 жылы Қазақстан Қарулы күштерінің қатарына келісімшарт бойынша шақырылып, Аягөз қаласындағы 02352 әскери бөліміне медицина қызметінің бастығы лауазымына тағайындалады. Қорғаныс министрлігінің бірқатар әскери бөлімдерінде қызмет еткен әскери дәрігер 2016 жылы Ұлттық ұланға ауысады.

Биыл көктемде елімізде төтенше жағдай жарияланған уақытта медицина қызметінің капитаны Алматы қаласын дезинфекциялау шараларына қатысты, блокпоста тұрған әскери қызметшілердің санитарлық шараларды сақтауына, олардың денсаулығына үздіксіз бақылау жүргізіп, түсіндіру жұмысын жасады.

Ол мамыр айында Түркістан облысы Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдайдың салдарын жоюға қатысты. Пандемия кезінде Мақтаралда қызмет ету өте ауыр болды, жеке құрамның қызыл сумен арпалысып жүріп, санитарлық шараларды сақтауы да аса қажет еді.

Осы жағдайда әскери дәрігер Бегалидиннің еңбегі зор болды, ол жеке құрамның Covid -19 індетін жұқтырып, ауырып қалмауы үшін барлық қолдан келген жағдайды жасады. Тәулік бойы жеке құрамның ішінде жүріп, денсаулығын бақылады, су кешіп жүрген әр сарбазға әкесіндей қамқор бола білді. Ол тіпті, жәрдем сұрап келген жергілікті ауыл тұрғындарынан да көмегін аямады. Әрқайсысына дәрігер маман ретінде кеңес берді.

Бегалидин Байжанұлы әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығы ретінде жеке құрамның денсаулығын, әсіресе, пандемия уақытында қатаң назарда ұстады. Созылмалы ауруы бар әскери қызметшілерді ерекше бақылауға алып, қал-жағдайын біліп тұратын еді. Жалпы жеке құрамның денсаулығын нығайту шараларына көп көңіл аударып, ақыл-кеңесін де аямайтын. Салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап жүретін.

Өкінішке қарай, жеке құрамның денсаулығы үшін күні-түні қызмет етіп жүрген әскери дәрігердің өзі осы індетке шалдығып, құрбан болды.

Оның артында ата-анасы, жұбайы және үш ұлы қалды. Ең кіші ұлының жасы - екіде ғана.


Соңғы жаңалықтар