Талдықорғанда көлігімен адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда полицейлер көлігімен ер адамды басып кеткен жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

21 қазан күні Қаратал өзенінің үстіндегі көпірде велосипед мінген адамды көлік қағып кеткені туралы хабар келіп түскен. 81 жастағы жергілікті тұрғын оқиға орнында қаза тапқан, ал оны басып кеткен автомашина ізін суытқан.

Криминалистер оқиға орнынан пластик бампердің қалдығын тапқан, сол арқылы автомашинаның маркасы мен түсін анықтады.

«Ол Mercedes-Benz маркалы машина болып шықты. 42 жастағы күдіктінің тұлғасы анықталды. Ол көлігін үйіндегі гаражға қалдырып, өзі Алматыға кетіп қалған. Машинаның алдыңғы жағы зақымдалған. Қазір күдікті ұсталып, қалалық полицияға жеткізілді», - деп мәлімдеді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Күдікті қарт адамды қағып кеткен кезде мас болғанын мойындады. «ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») және 347-бабы («Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр», - дейді полиция қызметкерлері.

Авторы: Хасан Еспанов

Соңғы жаңалықтар