Талдықорғанда карантин шектеулеріне бірқатар өзгеріс енгізілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Талдықорған қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ермек Асимқұлов карантин режиміне қатысты қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа қаулыға сәйкес, шаһарда жалпы білім беретін мектептердегі 5, 6, 7, 8 және 10 сыныптар үшін онлайн оқу ұзартылды. Мектепке баратын балалар немесе еңбек ұжымы арасында COVID-19 инфекциясын жұқтырудың бір жағдайы тіркелген болса, инкубациялық кезеңнің соңына дейін білім ордасы карантинге жабылады.

«Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық және маска режимі сақталған жағдайда білім беру мекемелерінде, оның ішінде колледждер мен университеттерде қоғамдық тамақтану орындары қайта ашылады. Бірақ келушілер саны жалпы орынның 30%-нан аспауы тиіс. Балаларға арналған түзету және қосымша білім беру орталықтарының қызметіне рұқсат берілді. Талап бойынша алдын ала жазылу жүргізіліп, әр топта 15 адамнан аспауы қажет», - делінген құжатта.

Сондай-ақ спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейндер, қоғамдық моншалар мен сауналар қайта ашылды.

Жаңа қаулы 22 ақпанда сағат 7:00-ден бастап күшіне енеді.


Соңғы жаңалықтар