Талдықорғанда Қаңтар оқиғасында ҰҚК ғимаратын басып алу: Департамент басшысы Сәбит Құрманәлиев сотталды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған сотында лауазымды адамның билігі мен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша Сәбит Құрманәлиевка қатысты іс қаралды (ҚК 362-бабының 4-бөлігі), деп хабарлайды ҚазАқпарат сотқа сілтеме жасап.

Сәбит Құрманәлиев Алматы облысы ҰҚКД бастығы кезінде өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, 2022 жылғы 5 қаңтардағы оқиғаларды ескере отырып, өз лауазымдық міндеттерін елемей, жеке құрамға департамент ғимаратын қорғау жөнінде шара қолданбауға, әкімшілік ғимараттан кетуге, қызметтік және құпия құжаттаманы жоюға және тұрғылықты жерлеріне тарауға заңсыз бұйрық берген, нәтижесінде кейіннен ҰҚКД ғимаратын басып алуға әкеп соқтырды («құпия» деген белгіге байланысты басқа мән-жайды жария ету мүмкін емес).

Сот үкімімен Сәбит Құрманәлиев 362-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және 10 жыл құқық қорғау органдарында белгілі бір лауазым атқару құқығынан және 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қазақстан Президентіне Сәбит Құрманәлиевті ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағынан және мемлекеттік наградалар мен ордендерден айыру туралы ұсыныс енгізілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар