Талдықорғанда халықаралық стандарттағы жүзу бассейні салынды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында 570 орынға есептелген Олимпиадалық жүзу бассейні ашылды. Нысан барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Сол себепті мұнда ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заманауи жүзу бассейні 3,8 га жерді алып жатыр. Жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асады. 570 орынға арналған жүзу бассейнінің құрылысына 11,4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Нысанның сыртқы кейпі теңізде жүзіп жүрген алып балықты елестетеді. Мұнда 3 бассейн бар, соның ішінде ең үлкенінің ұзындығы – 52 метр, ені 25 метр. Бұл ғимаратта ниет білдіргендер су добы, суға секіру, аквааэробика сияқты жүзудың барлық түрінен жаттыға алады.

Бассейн жыл бойы түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге, сол сияқты азаматтарды саламатты өмір салтына бейімдеуге, балаларды жүзуге үйретуге арналған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта триатлон, байдаркада есу, каноэ және басқа да бөлімдер ашу жоспарланған. Бассейн арқылы Талдықорғанның болашақта су спортының орталығы болуына мүмкіндігі бар.


«Елбасы мен Президенттің еліміздегі спортқа көңіл бөлу туралы тапсырмаларына сәйкес бүгінде Алматы облысында 13 дене шынықтыру сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Бүгін, міне, әлемдік стандартқа сай, Орталық Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні салтанатты түрде ашылуда. Бұл нысан өскелең ұрпақты спортқа баулуға үлкен серпін береді және осы жерден еліміздің даңқын шығаратын мықты спортшылар тәрбиеленіп шығады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай іске қосылып отырған жүзу бассейні құтты болсын!», - деді облыс әкімі Амандық Баталов.


Мұнан соң бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов сөз алып, бүгінгі ашылып отырған олимпиадалық стандарттағы жүзу бассейні Алматы облысы үшін ғана емес, тұтас Қазақстан үшін айтулы оқиға деп есептейтінін айтты. «Өйткені мұнда біздің спортшылардың әлем чемпиондары, Олипиада чемпиондары болуына барлық жағдай жасалған», - деді ол.

Қазақстан Республикасының жүзуден бірнеше дүркін чемпионы Мария Федотова да бүгінгі күні өңір спортшылары Токио Олимпиадасына 11 жолдама жеңіп алғанын тілге тиек етіп, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға жасалған зор мүмкіндіктер үшін ел ағаларына алғысын білдірді және халықаралық жарыстарда елдің туын көкте желбіретуге бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.


Соңғы жаңалықтар