Талдықорғанда газ құбырлары қатып жатыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда табиғи газ құбырлары бірінен соң бірі қатып жатыр. Салдарынан халық тәуліктеп жылусыз, көгілдір отынсыз отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тіпті тұрғындар шәугімге су қайнатып, құбырларды өздігінше жылытып әлек.

Қазір Талдықорғанда көгілдір отын шығатын жерден қатты қысыммен су атқылап жатыр. Кемінде 500 мың теңгеге жуық қаражат беріп, газ орнатқан тұрғындар енді өмірлері үшін үрейленіп отыр.

«Кез келген уақытта қатып қалады. Күн жылыда да, күн суықта да. Қай уақытта қатып қалатынын өзің білмейсің. Шақырсаң келмейді. Звондасаң, «аға, ыстық су құйыңыз» дейді, сосын ыстық су құясың. Бір ай болды қостыртқаныма, ал қыстай қанша қақсап шығамын, бір құдай біледі», - деді Талдықорған қаласының тұрғыны Айтақын Бұлғақов.

Ал көгілдір отынды беріп отырған «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Жетісу өңдірістік филиалы газдардың қатып жатқанын растады.

Бірақ бұл компания біз құбырға емес, газға ғана жауаптымыз дейді. Ал соңғы қосылған абонименттер арасында газ құбырдың қатуы сынды шағымдар көбейді деп отыр.

«400-ге дейін қоңыраулар түседі. Көбіне Еркін және Өтенай жақтан. Мердігерлердің үйге қосқан құбырлары өте нашар», - деді ҚазТрансГаз Аймақ акционерлік қоғамының Жетісу өндірістік филиалының директоры Равиль Исмаилов.

Ал Алматы облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы жіберілген кемшіліктерге қандай мердігер жауапты екені анықталып, тиісті шара қолданылатынын айтты.

«Нақты Талдықорған қаласын газдандыруға біз жоба бойынша 19,4 млрд теңге қаражат жұмсадық. Мемлекеттен, бюджеттен. Іске қосу кешенінде 22 мердігер бар. 2016 жылдан бері бірталай мердігер болды, солардың бәріне дайындап жатырмыз. Тиісті шараларды қолданамыз», - деді Алматы облыстық Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дамир Дәулетханұлы.


Соңғы жаңалықтар