Талдықорғанда ерекше әдіспен сурет салатын оқушы тұрады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда ерекше әдіспен сурет салатын оқушы тұрады. Арман Кәрімжановтың көмір қарындашпен гиперреализм бағытында салған суреттері кәдімгі фотосуреттен айнымайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорған қаласындағы №2 орта мектептің 11-сыныбында оқитын Арман Кәрімжанов сурет салу өнеріне бес жасынан қызыға бастаған. Алғашқы кезде ол көбіне табиғатты, жыл мезгілдері мен жануарларды бейнелеуді ұнататын. Бірнеше жылдан бері жаңа гиперреализм бағытына қызығып жүр. Жалпы «гиперреализм» грек тілінен аударғанда таза шынайылық деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, бұл жанрды фотореализм деп те атайды. Суретшінің белгілі бір затты немесе адамның бейнесін айнытпай түрлі қарындаштар мен бояуларды қолдана отырып қағазға түсіруін гиперреализм дейді. Бұл терминді айналымға 1973 жылы Иса Бархот енгізді.

Және бұл бағыт өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші жылдары өте қарқын ала бастады. Қазіргі таңда әлемнің әр бұрышында осы жанрға бет бұрған суретшілер қатары көбейіп келеді. Осы бағытқа ден қойған Арман Кәрімжановтың қазіргі таңда оннан астам туындысы бар.
null

Жас суретші екі пілдің айқасын, маймылды, африкалық тайпалардың қара нәсілді адамдарын шеберлікпен қағазға түсіре білген. Бұл туындылар тура бір сапалы фотоаппаратпен түсіріп, басып шығарғандай әсер қалдырады.

null

Арманның айтуынша, әрбір суретті салу үшін 70 сағатқа дейін уақыт кетеді. Әсіресе адам бейнесін салу өте қиын дейді. Адам бетінің терісін, ондағы әрбір нүкте, әжім, көз, көңіл-күйін салу үлкен сабырлықты қажет етеді. Жас таланттың Джим Керри, Иэн Маккелен сынды Голливуд жұлдыздарының портретін дәлме-дәл келтіруі - осының дәлелі.

null


Арман сурет салғанда тыныштықты ұнатады.

null

«Өзінің құлаққабын киіп алып, әсерлі музыка тыңдап, сурет салуға кіріскенде біз кедергі жасамауға тырысамыз», - дейді суретшінің анасы.

Сондай-ақ анасы ұлына қажет барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге тырысады. Бақытгүл Кәрімжанованың айтуынша, бұл оңай нәрсе емес.

«Фаберкаст деген қарындаштарды алғанбыз. Бұл германиялық қарындаш Германиядан келеді. Қағаздары бұл жерде сатылмайды. Формат А3, А2 ғана сатылады. Ал былай ұзын, дәу қағаздар сатылмайды», - дейді ол.

Биыл мектеп бітіретін Арман сәулетші болғысы келеді. Құрылыс саласында өз қолтаңбасын қалдырмақ мақсаты бар. Ол үшін күн-түн демей дайындалып, өз-өзін қамшылауда. Жас суретші өз туындыларын халықаралық көрмелерге ұсынып, байқауларға қатысуда.

null

Соңғы жаңалықтар