Талдықорғанда ер адам көшеден тауып алған 11 тапанша мен 1 автоматты полицияға тапсырған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының 40 жастағы тұрғыны қаңтар айының басында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде Талдықорған қаласының көшелерінің бірінен бірнеше қару-жарақ тауып алып, ерікті түрде полиция органдарына табыс еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық қорғау органдарының ескертулерін басшылыққа алған тұрғын тексеруден кейін жауапкершіліктен босатылды.

«Барлық тұрғындарды тауып алған заңсыз қару-жарақтарды еш ойланбастан полицияға тапсыруға шақырамын. Осы әрекеттеріңіз Сіздерге сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде көп көмек көрсетеді. Мен Ішкі істер министрлігінің тұрғындарға жолдаған үндеуін ескеріп, 5 қаңтарда Талдықорған қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде тауып алған 11 тапанша мен 1 дана автоматты жағдай тұрақталған соң тәртіп сақшыларына табыстадым. Осы арқылы барлық жауапкершіліктен босатылдым»,- дейді тұрғын өз үндеуінде.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі еліміздің тұрғындарына заңсыз сақталған атыс қаруы мен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсыру туралы үндеу жариялаған болатын. Тәртіп сақшылары елдегі жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрланған қару мен оқ-дәрілер заңсыз мақсаттар үшін пайдалануы, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерткен.

«Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық (ҚК 287-бабы – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру) және әкімшілік (ҚР ӘҚБтК 482-бабы-25 АЕК айыппұл) жауапкершілік көзделгенін қаперлеріңізге саламыз. Заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың іс-әрекеттерінде өзге қылмыстар құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады»- делінген ведомство таратқан үндеуде.

Алматы облысының полицейлері азаматтарды заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және арнайы құралдарды өз еркімен тапсыруға шақырады. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік үшін қарулар мен жарылғыш заттарды пайдаланбауды, оларды мүлдем тасымалдамауды, жауапкершілікке тартылмас үшін бірден полицияға 102 немесе 112 телефондары арқылы хабар беруді сұрайды.


Соңғы жаңалықтар