Талдықорғанда дәрігерлер емделушіге басқа топтың қанын құйып, науқас көз жұмған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандағы Алматы облыстық ауруханасының дәрігерлері емделуші Анархан Қырғызбаеваға басқа топтың қанын құйған. Салдарынан науқас көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марқұмның туыстарының сөзіне қарағанда, дәрігерлер науқасқа басқа топтың қаны құйылып жатқанын білмеген. Өйткені, дәрігерлер қанды тексергенде 4-топты көрсетті, сол топ бойынша қан құйылды деп ақталып отыр. Ал шын мәнісінде науқастың қан тобы 4 емес, 3-ші топ болып шыққан. Гемоглобині 50-ді көрсетіп тұрған науқасқа облыстық аурухана дәрігерлері басқа топтың қанын 4 рет құйып үлгерген.

«Мәселен, екінші мәрте қан құйғанда екі бүйрегі бірдей істен шыққан. Пневмония болған. Ал үшінші, төртінші рет құйғанда халі мүлдем нашарлаған. 4 мәрте құйып тастағаннан кейін ғана дәрігерлердің қателігін қан орталығы анықтаған», - дейді марқұм Анархан Қырғызбаеваның қызы.
null

Бірақ дәрігерлер науқастың балаларына басқа топтың қаны құйылғаны жөнінде тіс жармаған. Айналасы бір айдың ішінде Анархан Қырғызбаеваға дәрігерлер үшінші топтың да, төртінші топтың да қанын құйып тастағандарын жасырмайды.

«Біз қан тобын дұрыс анықтамағанға кінәмізді мойындап отырмыз. Тексергенде қан 4-ші топты көрсетті. Ауруханада науқасқа 4-топ қаны төрт рет құйылды. Ал қан орталығы анықтағанда сырқаттың қан тобы 3 болып шықты. Бөгде қанды құйғаннан кейін әсерлері болады, бұл мұндай аурулардың қозуына жедел әсерін тигізді деп айтайын. Содан кейін мынандай ауыр сырқат түрі болғаннан кейін біз енді «анаңыз осындайдан кетіп қалды» деп айта алмаймыз ғой», - деді Алматы облыстық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Рахметов.

Ал марқұмның қызы анасының қан ауруына шалдыққанын біле тұра, облыстық аурухана дәрігерлері қан тобын бірден дұрыстап кешенді түрде анықтамады дейді.

«Облыстық аурухана дәрігерлері қан ауруы екенін білген соң терең зерттеуі қажет еді. Мен дәрігер емеспін, десе де біліп тұрмын - олар тереңірек, байыппен зерттегенде анамның қан тобы 4 емес, 3-ші топ екені анықталатын еді. Менің анам бір айдың ішінде әрбір ағзасы істен шыққанша қиналып өлді», - дейді марқұмның қызы Қ.Қайыпбекова.

70 жастағы анасынан айырылған қызының сөзінше, дәрігерлер жалған құжат та жасап үлгерген. Он күн бұрын ғана анасын жер қойнына тапсырған балалары енді прокуратураға, тиісті мекемелерге арыз жазуда. Қайғыдан қан жұтқан отбасы еліміздің бас прокуратурасы істі өз бақылауына алса дейді.


null null

Соңғы жаңалықтар