Талдықорғанда бүгін мыңға жуық ағаш отырғызылып, жарты тонна бауырсақ таратылды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Ұлыстың Ұлы күнінде Талдықорғанда мыңға жуық қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Қала тұрғындары мен қонақтарына мың жарым литр Наурыз көже мен алты жүз келі палау, жарты тонна бауырсақ таратылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Наурыз – берекем, Наурыз – мерекем» атты думанды шаралар бұлақтың көзін ашу рәсімінен басталды. Жалпыреспубликалық «Таза табиғат» акциясы аясында мереке қонақтары, ақсақалдар мен зиялы қауым, «Жасыл ел» штабының өкілдері мен қала белсенділері «Жеңіс» саябағына мыңға жуық ағаш отырғызды. Айта кетсек, биыл облыста 93 мыңнан астам ағаш егіледі деп жоспарланып отыр.

«Жастар» саябағындағы «Наурыз ауылында» қазақ халқының салт-дәстүрлері көрініс тауып, тұсау кесу рәсімі, беташар т.б ғұрыптар көпшіліктің назарына ұсынылды.

Осы күні саябаққа келген жетісулықтарға бауырсақ, Наурыз көже, палау таратылып, қайырымдылық пен бауырмалдық паш етілді.

«Шеберлер ауылында» ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі, «Достық ауылында» этномәдени орталықтардың ұлттық тағамдары мен мерекелік концерті ұйымдастырылды.

Кәсіби және әуесқой спортшылар қол күрес, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, түйе палуан т.б. түрлі ұлттық спорт ойындарының көрігін қыздырды. Қазақша күрестен «Талдықорған барысы» додасы өтіп, 1-орынды иеленген Руслан Абдразақовқа 500 мың теңге, 2-орын алған Жаныбек Дүйсембаев 300 мың теңге және 3-орынға ие болған Елдар Мұқанға 200 мың теңге жүлде берілді.

Қаладағы мейрамханалар Наурыз алаңында қазақтың ұлттық тағамдарының түр-түрін жасап, ұсынды. Жастарға арналған фестивальдар да мерекенің шырайын кіргізді. Саябақ сахнасында облыстағы би ұжымдары халыққа салт-дәстүрге байланысты түрлі музыкалық-хореографиялық би көріністерін қойды.

«Әрқайсымыз ауланың іші ғана емес, сырты да, көше де, қала да, дала да өзіміздікі екенін, оған өз үйімізге қарағандай қамқорлықпен, жауапкершілікпен қарау керектігін айқын сезінуіміз қажет. Тазару ең алдымен ішкі дүниемізден басталады. «Айналаңды өзгертемін десең, бірінші өзің өзгер» деген тәмсілдің мәні осында жатыр. Адамды жаңаруға, бойын да, ойын да, ниетін де таза ұстауға талпындыру – Наурыздың ұлы философиясы. Мерекенің осы терең тағылымы бүгінгі жаңа Қазақстанды құрудың асыл мұраттарымен, айқын мақсаттарымен астасып жатыр.

Қашанда қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Үлкенге қолқабыс ету, кішіге жәрдемші болу, бір-біріне жанашырлық жасау, жанның жылуын, жүректің мейірімін таныту – жомарттықтың белгісі. Осындай ізгі ниеттегі әрбір адамды қоғамды алға сүйреуші, қозғаушы күш деп білеміз. Береке-бірлігімізді еселеп, қоғам күтіп отырған жаңа, игі өзгерістерге бірге жетейік. Наурыз әр шаңыраққа молшылық пен құт әкелсін, қызыр дарып, бақ қонсын! Отбасыларыңызға амандық, бақыт тілеймін. Еліміздің мерейі әрдайым үстем болсын», - деді мерекеге жиналған қауымды құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Ұлыс мерекесі Талдықорғаннан бөлек өңірдің аудан, қалаларында да кеңінен аталып өтті. Мәселен, Көксу ауданында аламан бәйге, көкпар, қазақша күрес сияқты іргелі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, бұл додаларға меценаттар 10 млн теңге бәйге тікті. Сарқан қаласының орталық алаңында 200 метрлік дастархан жайылып, келіндер арасында байқаулар өткізіледі. Жалпы, өңірдің әр қиырында Наурыз күні жүзге жуық ақшаңқан киіз үй тігілді.

Басты оқиға – Б. Римова атындағы драма театрының алаңында Ұлы Абайдың ескерткіші ашылып, көпшілік Жетісу өңірінің рухани өміріндегі ерекше жаңалыққа куә болды.


Соңғы жаңалықтар