Талдықорғанда бастығын атып өлтірген орынбасарға үкім шықты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - ҚР ҚК  101-бабының 1-бөлігімен айыпталған Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының экс-орынбасары, подполковник Асқар Оспанов екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот анықтағандай, марқұм болған азамат өзінің орынбасарын жүйелі түрде жеке басына тіл тигізіп, абыройын түсірген. Жеке құрам алдында қорлауы әдетке айналғанымен қатар, бірнеше мәрте ақша да талап етіпті. Ал ұзаққа созылған осындай психиканы күйзелтетін ахуалдан кейін аффект жағдайда Асқар Оспанов өзінің бастығын аңшы мылтығымен атып өлтірген. Яғни, кабинеттің ішінде Алматы облысының  қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы болған  Б.Беристемовтің кеуде тұсынан бір мәрте оқ атқан. Жарақат салдарынан полковник сол  жерде  қайтыс болған.

«А. Оспанов ҚР ҚК 101-бабының 1-бөлігі, яғни аффект жағдайында кісі өлтiру қылмысы бойынша айыпталып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Көрсетілген бап бойынша үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатынын атап өткім келеді», - деді Талдықорған гарнизоны әскери сотының төрағасы Ринат Ақпар.

ҚР ҚК 52,53,54 баптарының талаптарын ескере отырып, Талдықорған гарнизоны әскери сотының үкімімен Асқар Оспановқа 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық атқару-жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленген.

Жәбірленуші өкілінің азаматтық талабы жартылай қанағаттандырылған.

А.Оспановтан жәбірленушінің пайдасына 2 510 000 теңге мүліктік залал және 500 000 теңге адвокатқа жұмсалған шығындар өндірілген. Сонымен қатар, ол жәбірленушінің пайдасына 3 млн теңге моральдық өтемақы төледі.

Естеріңізге сала кетейік, қанды оқиға биыл 31 наурызда Талдықорғандағы Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ғимаратында болған. Күдіктіге қатысты сот 25 қыркүйекте басталған болатын. 

Соңғы жаңалықтар