Талдықорғанда ауа сапасын көрсететін LED-экрандар орнатылмақ

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Келесі жылдан бастап Талдықорғанда атмосфералық ауа жағдайы туралы ақпарат көрсететін LED-экрандар пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл шара Алматы облысының экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасы жобасына енгізілген.

«Алматы облысында ластаушы заттар шығарындысы 2020 жылдың 1 жартыжылдығында 17,1 мың тоннаны құрады. Ағын сулардағы ластаушы заттар 106,96 мың тонна болды»,- деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қоғам өкілдерімен өткен онлайн-кездесуде.

Өңірдегі қордаланып қалған экологиялық проблемаларды шешу үшін кешенді шараларды қамтитын Жол картасы әзірленді. Аталған құжатқа облыс тұрғындарының ұсыныстары да енеді. Қазір жобада Алматының үшінші Жылу электр орталығын модернизациялап, қоршаған ортаға әсерін төмендету, тұрғын үй алаптарын, әлеуметтік, өндірістік және басқа да ғимараттарды газға көшіру, жасыл желек аумақтарын 200 гектарға дейін кеңейту, Іле ауданында биогаз станциясын салу секілді көптеген шаралар бар.

Сонымен бірге халық атмосфералық ауаның жағдайы туралы біліп отыру үшін «Air KZ» мобильді қосымшасындағы ақпаратты Талдықорғанның LED-экрандарына шығару жоспарлануда. Бұл жоспар 2021 жылы жүзеге асады.

Айта кетсек, Экология министрлігі қазіргі уақытта әр өңірдегі қоғам өкілдерімен жеке-жеке онлайн-кездесулер өткізіп, экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған Жол карталарын әзірлеуде.


Соңғы жаңалықтар