Талдықорғанда «Астана» даңғылы ашылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Астананың 20 жылдығына орай Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Астана даңғылы ашылды. Сонымен қатар осы күні аса көрнекті қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайридің, Еңбек ерлері Бәйкен Әшімов пен Зылиха Тамшыбаевның атына көшелер берілді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты рәсімдер облыс әкімінің қатысуымен өтті. Алдымен Қадырғали Жалаири даңғылын ашудан басталған шарада Амандық Баталов өңір зиялыларымен және ардагерлер қауымымен бірге қаланың жаңа шағын ауданынан Б. Әшімов пен З. Тамшыбаеваның атына берілген көшелерге және қалаға кіреберісте жаңадан орнатылған аркаға да атбасын бұрды. Сондай-ақ Астана даңғылының ашылу салтанатына қатысып, даңғылдың лентасын ардагерлермен және Астанамен құрдас жастармен бірге қиды. Өз құттықтауында облыс әкімі Астана күнін мерекелеудің маңызына қысқаша тоқталды.

«Осындай атаулы мереке қарсаңында облыс аумағында көптеген іс-шаралар өткізілуде. Сондай шараның бірі, бүгінгі елордамыз - Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Астана» даңғылының салтанатты ашылуы болып отыр. Сонымен қатар, ұлы тұлғаларымыздың ұлағатты еңбегі мен ерлікке толы ерен  істерін әспеттеу мақсатында, ғұлама тарихшы Қадырғали Жалаири даңғылы, Еңбек Ерлері Бәйкен Әшімов пен Зылиха Тамшыбаеваның құрметіне көше аттары берілді», - деді А. Баталов.

Облыстағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары қатысқан салтанатты жиында Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Халық, Бәйкен Әшімовтің ұлы О. Әшімов, Зылиха Тамшыбаеваның қызы С. Тоқсанбайқызы сөз алып бүгінгі атқарылып отырған тағылымды іске ризашылықтарын жеткізіп, көпшілікті Астана мерекесімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар