Талдықорғанда әскерде жарасқан жұптар көбейіп келеді

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған әскери гарнизоны құрамында 10-ға жуық әскери бөлім болса, Отан қорғап жүріп отбасы құрған әскерилер де аз емес. Солардың қатарында аға лейтенант Тимур Темірқұл мен ефрейтор Альбина Жұмеке де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

18/404 әскери бөлімінде танысып, шаңырақ көтергелі жатқан бұл жұп десанттық-шабуылдаушы бригаданың медициналық ротасында қызмет етеді.

Аға лейтенант Тимур Темірқұл - Әулиетадағы әскерилердің әулетінен шыққан офицер.

Тимурдың атасы да, әкесі мен анасы да, әскери қызметте болған. Дәстүрді үзбей өзі де медициналық колледж бен әскери институт тамамдап, лейтенант шенін алып, жолдамамен үш жыл бұрын десантшы-шабуылдаушылар бригадасына келді.

Әскери қызметтегі абыройлы міндетін атқарып жүріп, жаңадан жұмысқа келген жас маманмен көңіл жарастырды.


Темірдей тәртіппен жүрген офицердің жүрегін бойжеткен бойындағы өзіне тән ерекше қасиеттерімен жаулап алғанын айтады командир.

«Жұмысқа деген өте жоғары жауапкершілігі болды. Қойылған тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Өзіне деген және маған деген күтімі, әйелдік күтімі қатты ұнады. Жүрегіндегі имандылығы менің де жүрегімді жаулап алды»,- деді Тимур Темірқұл.

Альбина Талдықорған жоғары медициналық колледжінің түлегі. Екі жыл жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып, тәжірбие жинап, әскери бөлімге ауысқан.


Өмірлік серігін осы жерден кездестірем деп ойлаған да жоқ. Енді медбике үшін әскери тәртіп бірінші кезекте.

«Жұмыс табалдырығын аттағаннан кейін жұмыс орнында біз тек әріптес ретінде ғана жұмысымызды жасаймыз. Ол кісі менің командирім, маған бұйрықтар береді, тапсырмалар береді. Мен соны жауапкершілікпен бұлжытпай орындаймын», - дейді медбике Альбина Жұмеке.

18404 әскери бөлімінде 1,5 мыңға жуық офицер мен жауынгер қызмет етеді.


Қазір жаңа шақырылым аяқталып, отан алдындағы борышын өтегендер үйіне қайтуға дайындалып жатыр.

Мұндағы қызметкерлердің 15-20 пайызы - ерлі-зайыптылар екен.


Соңғы жаңалықтар