Талдықорғанда аса қауіпті қылмыскерді ұстаған екі жігіт марапатталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қылмысқа қарсы күресте батылдық танытқаны үшін Талдықорған қаласының екі тұрғыны марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі жас жігіт әйел адамға қастандық жасаған қылмыскерді құрықтаған.

«Сағат 18.00-дер шамасында облыс орталығының саябағында белгісіз біреу жаяу жүргінші жолымен келе жатқан әйел адамға шабуыл жасап, оны тұншықтыра бастаған. Осылайша, қаскүнем азаматшаның сөмкесін тартып алып, жасырынбақ болған сәтінде бұл жағдайдың көріп қалған екі азамат өздерімен бірге келе жатқан бойжеткендерді азаматшаның жанына қалдырып, күдіктінің соңына түскен. Олар қылмыскерді қуып жетіп, полиция жасағы келгенше ұстап тұрған. Нәтижесінде күдікті полиция бөліміне жеткізіліп, жәбірленуші өзін қорғаған азаматтарға алғыс білдірді», - деді Талдықорған қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Өтегенов.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары О. есімді күдікті азаматтың 1984 жылғы Талдықорған қаласының тұрғыны екенін, бұрын да бірнеше рет ұрлық, тонау және қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталғанын және қылмыс жасау кезінде мас күйінде болғанын анықтады.

«Қазіргі уақытта Талдықорған қалалық соты ұсталған азаматты аса қауіпті рецидивист деп танып, оған қатысты қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде жазасын өтеумен 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», - деп толықтырды Ерлан Өтегенов.

Ерікті 18 жастағы Талдықорған қаласының тұрғындары - Носко Дмитрий Андреевич пен Сергей Набирухин Алматы облысы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен батылдық пен ерлік танытқандары үшін марапатталды. Аса қауіпті қылмыскерді құрықтаудағы еңбектері үшін оларға салтанатты түрде алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар