Талдықорғанда 4-ші қабаттан секірген шенеуніктің ұлы эксклюзивті сұхбат берді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаментінің 4-ші қабатынан секіріп, мерт болған шенеуніктің ұлы оқиғаның ел білмейтін жайттарын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазСуШар» мекемесінің Алматы филиалы бойынша бұрынғы директоры, марқұм болған Сейілхан Мұхамадиевтің ұлы, әрі заңды қорғаушысы Мұхит Мұхамадиев әкесін қасақана өлтірді деп күдіктенеді. Себебі, марқұм болған шенеуніктің маңдайы да шүйдесі де жараланған.

«Біріншіден: Не себепті әкемнің шекесімен және шүйдесі жарылады? Сонда ол қалай болғаны? Шекесімен құлап, өлмей қалған соң, қайтадан шығып, шүйдесімен құлады ма? Ол қалай бір бастың екі жағына да жарақат келеді? Соған бір мардымды жауап жоқ? Екіншіден: не себепті жалаң аяқ болды? Үшіншіден: Секірген жердегі терезеде, терезенің тұтқасында не себепті қолының ізі жоқ? Терезені ашқан кезде тұтқаны ұстау керек қой, қолтаңбасы тұрмақ, генетикалық таңбасы жоқ, ол жерде үшінші адамның қолының ізі бар. Бірақ ол адамды ешкім іздеп жатқан жоқ», - деді Мұхит Мұхамадиев.

Сондай-ақ, жәбірленуші тарап таңғы бестен таңғы жетіге дейін жүргізілген тінту барысында түсірілген жедел түсірілім тоқтатылып отырғанын айтады. Ал видеотүсірілімнің не себепті тоқтатылғаны, сол сәттерде не болғаны, қандай сөздер айтылғаны олар үшін жұмбақ. Сонымен қатар, Сейілхан Мұхамадиевтің соңғы сәті офицер Алдабергеновтың кабинетінде өткені де түсініксіз. Ал бүгін Астанада Ұлттық бюро өкілдері брифинг өткізіп, аталған іске байланысты 8 адамның қызметінен босатылғанын мәлім етті.

«Ішкі қауіпсіздік басқармасы ішкі қызметтік тексеру жүргізді. Қызметтік тексеру нәтижесі бойынша, аталған деректі жіберген кінәлі қызметкерлер департаменттің аға тергеушісі Асқанов пен аса маңызды істер бойынша офицер Алдабергенов жемқорлыққа қарсы күрес қызметінен босатылды. Бұдан бөлек қарамағындағылардың іс-әрекетіне бақылаудың болмағандығына байланысты департамент басшысы Аликов және оның орынбасарлары Жұрмағамбетов пен Қаратай, Жедел басқарманың басшысы Мырзахметов, оның орынбасары Машеков пен бөлім басшысы Букуров лауазымдарынан босатылды. Және де ҚР ҚК 105 бабының бірінші бөлігі бойынша Алматы облыстық Ішкі істер департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізуде», -деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин.

Алайда Сейілхан Мұхамадиевтің ұлы 105 бабпен тергеу жүргізіліп жатпағанын айтады.

«Қазір «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» яғни 105 бабпен, ешкімді қудалап жатқан жоқ. Осы 105 бапты өзгертіп, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану және салғырттық баптары бойынша іс жүргізілді. Мен мұнымен түбегейлі келіспеймін. Бұл жерге ҚР ҚК 99 бабы, «Адам өлтіру» бабын қосу керек. Себебі, біз әкеміз өз еркімен төртінші қабаттап секіріп кетті дегенге сенбейміз. Ол ондай азамат емес. Қарап отырсаңыз, Ұлттық бюро өзінің кінәсін мойындай отырып, мына адамдарды бекер жұмыстан шығарған жоқ қой», - деді Мұхит Мұхамадиев.

Естеріңізге сала кетейік, атышулы қайғылы жағдай биыл Талдықорғанда ақпанның үші күні болған еді.

«ҚазСуШар» мекемесінің Алматы филиалы бойынша бұрынғы директоры Сейілхан Мұхамадиев 400 мың теңге парамен ұсталып, түнде тергеуде болып, таңғы тоғыздар шамасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаментінің 4-ші қабатынан секіріп, қайтыс болған.

Соңғы жаңалықтар