Талдықорғанда 31 жастағы тұрғын ақша салынған терминалды ұрлап кеткен

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда 31 жастағы тұрғын терминал ұрлап, ішіндегі ақшасын қолды қылған. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтан төлем терминалы мен ақшаның бір бөлігін тәркіледі, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

20 мамыр күні Талдықорған қаласының Шығыс қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне ойын-сауық орталықтардың бірінде орналасқан төлем терминалының ұрланғандығы туралы хабар келіп түскен. Аталған дерек ҚР ҚК 188-б. 1-б. сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

«Осы іс бойынша іздестіреу шараларының барысында Сарқан ауданының 31 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктіден ұрланған терминал және сол аппараттан алынған ақшадан қалған екі жүз мың теңгеден астам көлемдегі ақша тәркіленді. Күдікті ұрлық жасағанын толық мойындады. Терминалды жалғыз далаға шығарып алған ол, оны өзі тоқтатқан таксиге тиеп, жалдамалы пәтерге апарған. Такси жүргізушісіне терминалдың оның меншігі екенін және оны басқа жерге апаратынын түсіндіріп жеткізген. Жалдамалы пәтерде қолда бар құралдардың көмегімен терминалдың ақша салынған бөлігін сындырып, ақшаның көбін өз қажеттіне жұмсаған, ал қалғаны тәркіленді», - деді Талдықорған қаласының полиция басқармасының бастығы Асқар Нурсапа.


Ұсталған азаматтың бұрын 2012 жылы қарақшылық жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.


Соңғы жаңалықтар