Талдықорғанда 23 жастағы ер адам полицейге пышақ салды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда 23 жастағы ер адам полицейге пышақ салды. Жәбірленуші ауруханаға түсті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған күдікті Көксу ауданының тұрғыны болып шықты. Ол қазір қамауда отыр. Полицейге пышақ салған күдіктінің ішімдік ішкені анықталды.

Алматы облысы Полиция департаменті 3 мамыр күні сағат 01:15-те полиция қызметкерлеріне Талдықорған қаласының тұрғынынан автовокзалда масаң күйдегі ер адамның отбасылық жанжалға байланысты оған қауіп төндіргені туралы шақырту келіп түскенін хабарлайды.

Шақырту орнына дереу жеткен Талдықорған қаласы ПБ-нің екі учаскелік полиция инспекторын байқаған күдікті оқиға орнынан жасырынуға тырысқан.

Құқық бұзушыны қуып барып ұстамақ болған тәртіп сақшысына «Абай - Жансүгіров» көшелерінің қиылысында ол учаскелік инспекторлардың біріне пышақ салған.

Көксу ауданының 23 жастағы тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Қылмыс құралы — ас үй пышағы тәркіленді.

Полиция қызметкері Талдықорған қаласындағы ауруханаға жеткізілді.

«Билік өкіліне қатысты күш қолдану дерегі бойынша ҚР ҚК 380-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық іс қозғалды», - делінген Алматы облысы ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Соңғы жаңалықтар