Талдықорғанда 200 орындық аурухана ашылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда 200 орындық инфекциялық аурулар ауруханасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа аурухананың құрылысына 7,3 млрд теңге бөлінген.

Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысының Өмірзақ Ниязбековтің айтуынша, бұл нысанда 400-ге жуық маман жұмыс істейтін болады. Оның 60-тан астамы жоғары санатты дәрігерлер.

Жаңа аурухананың ашылуы рәсімінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорғанға келіп жұмыс істейтін дәрігерлерге коттеджді қалашықтан 47 үй берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, оған қосымша 60 пәтерлі үй салынады.

Айта кетсек, 55 күннің ішінде салынған ауруханада операциялық және перзентхана залдары да қамтылған.

«Ақылды аурухана« жүйесі бар. Ол әрбір пациенттің денсаулық жағдайын медициналық персоналмен тәулік бойы бейнемониторлауды қамтиды. Әрбір палатада шұғыл медициналық көмек көрсету үшін оттегіні қосу нүктелері қарастырылған», - деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Болашақта ауруханада әртүрлі жұқпалы аурулары бар науқастар емделеді. Ол үшін барлық қажетті диагностикалық және зертханалық жабдықтармен жабдықталған. Персоналға арналған үй-жайлар, зертханалар, компьютерлік томографқа, рентген аппаратына, эндоскопиялық жабдыққа, УДЗ және электрокардиографқа арналған жеке кабинеттер жасақталмақ.


Соңғы жаңалықтар