Талдықорғанда 16 қабатты қонақ үй ашылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорғанда 16 қабатты қонақ үй пайдалануға берілді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ашылған кешен қаланың оңтүстік-батыс ауданында бой көтерді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қонақ үй құрылысы былтыр көктемде басталған. «Көктем Гранд» атты кешен  жеке инвестордың қаржысына салынып, мұнда қонақ үй және бизнес орталық қызметі қатар ұсынылмақ. 

«Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында ашылып отырған Талдықорған қаласындағы «Гранд Коктем» қонақ үй кешені қаладағы ең заманауи, соңғы үлгідегі, жоғары класты кешен болғалы отыр. Астанада өтетін «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің өтуіне байланысты жоғары деңгейдегі қолайлы жағдай қарастырылған қонақ үйлерге деген қажеттілік өсіп отыр. Шетелдік туристерге ұсынылған нысандар тізімінде Алматы облысының да көрнекті орындары енгізілген. Туристік сала өңірдегі ең маңызды салаға айналып келеді. Сондықтан облыс орталығы Талдықорған қаласын көркейте түсу - біздің басты мақсатымыз. «Көктем Гранд» қонақ үй кешені жеке инвестицияға салынған, ортақ іске өз үлесін қосып, Талдықорғанның тартымды қала болуына атсалысады деп сенемін», - деді өз сөзінде А. Баталов.

Ғимараттың лентасы қиылғаннан кейін шашу шашылып, жиналғандар нысанды аралап көрді.

Жалпы, бұл қонақ үй кешені түрлі көлем мен кесіндегі үш блоктан тұрады.

Қонақ үйлік нөмірлер ғимараттың бес қабатында. Ал 3-тен 10-қабатқа дейін бизнес орталықтың кеңселері. Сол сияқты нысанда мәжіліс залы, мейрамхана кешені мен салтанат залы, бассейні бар фитнес орталық, тренажерлық және қонақ залдары бар.

Соңғы жаңалықтар