Талдықорған тұрғыны сырғанақ тебуге барып, ажал құшты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Сырғанақ тебуге барған Талдықорған тұрғыны ажал құшты. Қазір 31 жастағы Ілияс Қаңғабылдың өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марқұм болған азамат Талдықорғандағы медициналық колледжде мұғалім болып жұмыс істеген. Жақындары баллонмен сырғанаған Ілиястың омыртқасы бірнеше жерінен сынғанын айтады. Ол алған жарақатынан ауруханаға жетпей жан тапсырған.

Қайғылы жағдай Тау-Жетісу қысқы демалыс орнында болған. Мұндағы мамандардың сөзінше, 15 шақты адам жұма күні осы жерге демалуға келген. Көз жұмған педагог та сол топпен бірге жүрген. Бірақ ескертуге қарамастан, үш адам рұқсат етілмеген жерде сырғанақ тепкен.

«Қайтыс болған кісі сырғанауға болмайтын жерден сырғанаған. Ол сол жерде мерт болды. Екі рет ескерттік. Ол жерде рұқсат етілмегені жөнінде арнайы белгі бар. Бәрі көрініп тұр», - деді Тау-Жетісу қысқы демалыс орнының инструкторы Серік Исаев.

Қазір оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Аталған дерек Ескелді аудандық полиция бөлімінің өндірісінде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 306-бабы 3-бөлігіне сәйкес жүріп жатыр. Арнайы сараптама тағайындалып, істің мән-жайы анықталуда. Сараптама нәтижелері дайын болған соң, процессуалды шешім қабылданатын болады», -деді Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Ернар Сайділдин.


Соңғы жаңалықтар