Талдықорған қаласының бас жоспары өзгертіледі

None
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласының бас жоспарына түзетулер енгізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талдықорғанда қазір 200 мыңнан астам адам тұрады. Қолданыстағы бас жоспар 2017 жылы халық саны 156 мың болған кезде бекітілген.

Жалпы, қалада екі тұрғын ауданның – Қаратал өзенінің оң жағалауы мен Оңтүстік-батыс тұрғын ауданының 2-кезеңінің дамуына қарай халық саны өсе түседі деген болжам бар.

Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, қаланы дамыту барысында Қаратал өзенінің оң жағалауында 174 га аумаққа 85 үй, 2 мектеп, 6 балабақша және 1 оңалту орталығын салу көзделген. Қазіргі кезде болжалды құны 14,5 млрд теңге болатын 1 350 пәтерлік 28 үй жобаланып жатыр. Мемлекеттік сараптама нәтижелері тамыз айында шығуы тиіс, ал жобаларды іске асыру 2024-2025 жылдарға жоспарланған.

Ауданы 104,5 га болатын Оңтүстік-батыс тұрғын ауданында 73 жаңа үй, 2 мектеп, 2 балабақша мен 2 емхана салу жоспарда бар. Алдын ала есептеулер бойынша құны 13,5 млрд теңге болатын 1 215 пәтерге арналған 26 үй жобалана бастады. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары жүргізіледі. Сондай-ақ, қуаттылығы сағатына 49 Гкал болатын, 15 мың адамды қамтитын қазандық салу жобаланып отыр. Құрылыстың болжалды құны – 7 млрд теңге, сараптама нәтижелері осы жылдың маусым айында алынады.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша қала көшелері ұзара түспек. Оңтүстік-батыс тұрғын ауданын дамытудың 1-кезеңінде құны 3 млрд теңге болатын, ұзындығы 5,5 шақырымдық 9 көше салу көзделген. 2021-2022 жылдары 2,4 км немесе 4 көше салынса, биыл 2 көше немесе 1 км жол салу жоспарланған. Жоба 2024 жылы аяқталуы тиіс.

Жалпы, қалада жол инфрақұрылымына қатысты жалпы құны 15,1 млрд теңге болатын 7 жоба іске асырылады, яғни ұзындығы 103 км көше қамтылады. Соның ішінде 3 жоба 2021 жылы басталған, олар 2024 жылы аяқталады, сондай-ақ 4 жоба күрделі жөндеуге қатысты, бүгінгі күні мердігерді анықтау конкурстық рәсімдері жүріп жатыр.

Осы жылы жаңадан 18,3 км болатын 34 көше салып, 104 көшенің 46,3 шақырымына күрделі және орташа жөндеу жасау жоспарланған. Жаңа құрылыстар «Жастар-1», «Солтүстік-батыс» және 8, 9-шағын аудандарда, ал жөндеу жұмыстары «Оңтүстік-шығыс» және «Шығыс» тұрғын аудандарында, Өтенай мен Еңбек ауылдарында жоспарланған. Оған қоса, «Шайқорған», «Жастар-2», 3-бөлімше, Көктал ауылы мен «Плодопитомник» тұрғын аудандарында да бірқатар жоба қолға алынады.

Газдандыру жұмыстары да жалғасады. 2016 жылдан бастап Талдықорғанда 921,5 км желі салынған, халықтың 90,3%-ы көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алып, 57,3%-ы газ қостырды. 2022 жылдан бері «Жастар-2» және Ынтымақ тұрғын үй ауданындағы 3 мыңға жуық үйді қамтитын 2 жоба іске асырылып жатыр.

Биыл 2 нысанның құрылысы басталады. Атап айтқанда, қаланың қалған учаскелерінде және Мойнақ ауылында желілер тартылады. Табиғи газбен әлі қамтылмаған 4 мыңға жуық учаске бар, олар: Қаратал, Қызыл тас, Мерекелік, Балықты, Сарыбұлақ, Алмалы, Ащыбұлақ саяжай қауымдастықтары. Бұл учаскелерді жобалау осы жүзеге асуы тиіс.

Облыс орталығын абаттандыру мақсатында 2 жаңа сквер салу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар