Талдықорған ауруханасында бір жыл ішінде 5 мыңға жуық операция жасалды
Атап айтқанда трамватология бөлімінде 14 бағыт бойынша - 485 ота, офтальмологияда 391, урология бөлімінде 47 операция жасалды. Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап ауруханада көздің жанарын лазерлік түзету операцияны қолға алынды.
«Қазіргі таңда облыс және қала тұрғындары көру қабілетін қалпына келтіру үшін Алматыға сабылмайды. Мұндай ота 42 науқасқа жасалды. Медициналық мекеме негізінде гепатологиялық бөлім ашылды. Ал травматология пункті тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл жетістіктің бәрі мемлекеттік бағдарламалардың арқасында мүмкін болып отыр», - дейді мекеме басшысы Сәуле Құсмолданова.
Бас дәрігер Елбасының биылғы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға көпсалалы аурухана қызметкерлерінің техникалық және адами капиталының жеткілікті екенін тілге тиек етті.
Айта кету керек, бүгін Талдықорған қаласындағы көпсаласы ауруханада қала әкімі Бағдат Қарасаевтың қатысуымен жиын өтті. Кеңесте шаһар бойынша денсаулық сақтау мекемелерінің 2017 жылы атқарылған жұмыстары және 2018 жылға жоспары жайлы талқыланды.