Талдықорған әскери госпиталінде дәрігерлер отбасы қызмет етеді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған әскери госпиталінде әскери дәрігерлер отбасы қызмет етеді. Ерлі-зайыпты Ғалымбек Тілеков пен Зульфия Дауылбаева Отан алдындағы борышын өтей жүріп, Гиппократ антына адал, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалымбек пен Зульфия Ақтөбедегі медицина институтының қабырғасында танысқан. Студент болып жүрген шағында шаңырақ көтерді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған медицина мамандарының басым бөлігі әскери міндетті болып есептеледі. Сондықтан лейтенант Ғалымбек Тілеков үш жылдық әскери борышын өтеу үшін Алматы облысына келді. 2004-ші жылдан бері екі-үш әскери бөлімде түрлі қызметтерді атқарды. Қазір госпитальде сәулелі диагностика бөлімінің меңгерушісі. Ал жолдасы Зульфия терапевт дәрігер.

nullТалдықорғандағы әскери госпиталь десантты-шабуылдаушы әскерінің қарамағында болғандықтан ондағы қызметкерлердің бәрі сол әскери бөлім тәртібімен жүреді. Дәрігерлер де десантшылардың нормативтерін, оқу-жаттығуларын орындайды. Ғалымбек Тілековтың айтуынша, әскери дәрігерлердің жүктемесі жауынгерлер мен офицерлерден кем емес. Олар да сарбаздар сияқты қару асынып, ондаған шақырымдар жүгіріп, нысаналарды дәл көздеп, кез келген уақытта ұрыс жүргізуге дайын болуы тиіс.

nullӘдетте әскери қызмет әйел затына жат дейтіндер көп. Дегенмен үш баланың анасы Зульфия Дауылбаева бәріне де үлгеруге тырысады. Себебі ол үшін ана болу - бақыт, әскери қызмет - Отан алдындағы абыройлы борышы. Ал адам емдеу - сүйіп таңдаған мамандығы.

Қызмет арасында Ғалымбек әскери госпитальдегі заманауи қондырғыларды студенттерге таныстырып, тәжірибеден өткізеді. Ал жұмыстан қолы қалт еткенде ерлі-зайыптылар өз шаңырақтарына асығады. Бір қыз екі ұлын еңбекке баулып, үй шаруасына үйреткенді ұнатады. Әзірше балаларынан тек үлкен қызы Ақжанат дәрігер болуды армандап жүр.

Жуырда әскери дәрігерлер жұбының Талдықорған госпиталіндегі  5 жылдық қызмет мерзімі аяқталады. Басшылық оларды қай жаққа бағыттайтыны әлі белгісіз. Белгілісі, Қазақстанның қай бұрышында қызмет етсе де, олар сүйіп таңдаған мамандықты әскери борышпен ұштастырады.

Соңғы жаңалықтар