Талдықорған әкімі Дастан Шалтабаевқа қатысты қызметтік тексеріс басталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевқа қатысты қызметтік тексеріс басталды. Бұл жөнінде Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевқа қатысты қызметтік тексеріс аяқталысымен қосымша толық мәлімет беретін боламыз. Кеше Алматы қаласында тоқтатылған көліктің ішінен тапанша және доллар ақша табылған. Сол көлікті тізгіндеген қала әкімінің ұлы болуы мүмкіндігі айтылуда. Оның Дастан Шалтабаевтың ұлы ма, жоқ па анықтап жатыр. Сондай-ақ табылған ақшаның қайдан шыққаны, оның не ақша екені тексерілуде», - деді Ғалымұрат Жүкел.

Дегенмен, баспасөз хатшысы ақпарат расталған жағдайда қала әкіміне нақты қандай шара қолданылатынын айта алмады. Ал Дастан Шалтабаев әкімдік қызметін, яғни жұмысын жалғастырып жатқанын мәлім етті.

Айта кетейік, 28 наурыз күні Алматы қаласында тәртіп сақшылары алдынғы терезесі қараңғыланған Toyota Camry көлігін тоқтатқан. Бірақ оны тізгіндеген азаматта жүргізуші куәлігі болмаған және көліктің ішінен травматикалық тапанша мен доллар валютасында ақша табылған.

«Бұл заттардың кімге тиесілі екенін ол түсіндіре алмады. «Менікі емес» деп ақталды. Көліктің есептен шығарылғаны, алайда қайта тіркелмегені белгілі болды. Қазір оған қатысты ҚР ҚК 287-бабының 2-бөлігімен қару жарақты сақтау, ұстап жүру, сату бойынша қылмыстық іс қозғалды. Көлік иесі машинасын біреуге рұқсатсыз бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік айып тұрағына қойылды», - деді қалалық Полиция департаментінен.

Соңғы жаңалықтар