Таласбек Әсемқұлов: Нұрлан Өнербаевтың жай сөйлеген сөзінің өзі әнге бергісіз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыр баласы әнге әуес келеді. Біз де шалғайдағы ауылда өткен бала күнімізде халық әндерін көкейге түйіп, жүрегімізге сіңіріп өстік. Әсіресе, үлкендердің ықпалы болды ма, әннің әуезділігіне, сөзінің мағыналы, кестелі, бейнелі болуына терең мән беретінбіз.  

Кейін, эстрада есіре бастаған шақта, сазы да, сөзі де шым-шытырық бір дүниелер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткен тұста, бәріне тосырқай қарауымызға сол бір бала күнде қалыптасқан талғам мен таным себеп болса керек. Көпке еріп көкіп, тобырға еріп тозып кетпесек, әуелден әсем әнді тыңдауды, тануды, таңдауды үйреткен қазақтың бір шоғыр таланттарына алғыс айтуға тиіспіз. Соның бірі халықтың жүрек төрінен ойып орын алған Нұрлан Өнербаев еді...

Ән деген не өзі? Дүниеде өмірінде бір ән тыңдамай, бір ән айтпай өткен адам бар ма екен? Неге біз ән тыңдаймыз, неге әнге құмармыз? Мұңайсақ, жан-дүниеміздің сарайын әсем әнмен бір самалдатып аламыз. Сәлден соң әлгі мұңның біртіндеп сейіліп, бұлттан шыққан күндей жаныңның жадырап салатынын көресің. Бұл не құдірет? Қуансақ та шалқып-тасып жататын әннің әуезіне есіміз кеткенше билейміз. Ол шат-шадыман көңілімізді тіптен шарықтатып жібереді. Неге?

Ең алғаш ән айтқан кім екен? Адам ата ма, Хауа ана ма? Әлде оған дейін Жер бетінде әлдебір сынық қамысты жел үрлеп, сыбызғының үні секілді музыка кең дүниеге таралып жатты ма? Жоқ, бәлкім, әлдеқашан жойылып кеткен әсем құс орман ішін сазға бөлеп сайрап тұрды ма екен? Біз, әрине, білмейміз. Білетініміз - адам баласының бойында әуезге деген бір ынтызарлықтың бары. Жаратылысымызда болған құмарлық па, әлде кейін келе қалыптасқан қасиет пе, белгісіз. Бастысы, саналы адам әуенсіз, әуезсіз өмір сүре алмайды. Осы тұста қазақтың арда туған ұлдарының бірі Сұлтанбек Қожановтың сөзі көкейге оралады: «Адамның тіршілігі үшін тамақ қандай қажет болса, музыка, ән-күйдің де сондай физиологиялық қажеттігі бар». Болды. Бұл - аксиома.

Әнсіз өміріміз мәнсіз екен. Олай болса біз қандай ән тыңдауымыз керек? Жақсы ән болса, жаманы да бар. Ол несімен жаман? Хакім Абай: «Құр айқай бақырған, Құлаққа ән бе екен? Өнерсіз шатылған, Кісіге сән бе екен?» дейді. Енді бір тұста «Әннің де естісі бар, есері бар» деп аражігін ашып береді. Құр айқай ән болмаса, онда әнді есті ететін не? Бұл сұраққа орыстың талантты жазушыларының бірі Виктор Астафьев айтқан бір ауыз сөз лайықты жауап болатын секілді: «Музыка мен ақындық сөз бір-бірімен жымдаса отырып, жүрекке жылы, ұнамды бірлік жасайды». Міне, әннің жаны, рухы әуен болса, оның бейнесін, сұлбасын сомдап тұрған қаңқасы - сөз. Сөзі мен сазы қабысқанда ғана ән абсалютті мәнге ие болады. Сонда ғана әннің әр жолынан тыңдарман көркем бір картинаны көз алдынан көшіріп, тұтас дәуірдің үнін ести алады.

Бұл жөнінде қаламынан арғы бабаларымыздың сөзі төгіліп тұратын қарымды журналист Ұларбек Нұрғалым «Қазақ әнді қалай тыңдаған?» деген мақаласында жетесіне жеткізіп жазды. Бізді, тұтас халықты, табындырып әкеткен әншілер осыны терең түсінген. Біздің бүгін шығармашылығы хақында аз-кем ой толғамақ болып отырған кейіпкеріміз әнші Нұрлан Өнербаев та осы танымның биігінен табылған тұлға. Бұл ойымызды Тұрсынжан Шапайдың мына бір сөздері дәйектірек ете түсетіндей: «Даусы бардың бәрі әнші емес. Әншіге, дауыспен қатар, талғап айтар тектілік, жеткізіп айтар сезімтал жүрек керек. Нұрлан - бойында осы қасиеттердің бәрі құп тоғысқан сарабдал әнші. Әншінің көмейіне Құдай көрік пен бояуды аямай-ақ берген».

Тағы да сөз ұстаған қазақ баласына құбыла болған Абайға жүгінейік: «Туғанда дүние есігін ашады өлең. Өлеңмен жер қойнына кірер денең». Ол осы екі ауыз сөзімен-ақ біздің халықтың өміріндегі әннің алар орнын айқындап кеткен секілді. Балаға шыр етіп туғаннан бесік жырын айтып, үйленгенде «Жар-жар», келін түссе «Беташар» жырын жырлап, тіпті өмірден өткен кісісімен «Жоқтау» айтып қоштасатын біздің халық ғашықтық сезім туралы да сансыз ән тудырған. Түрлі әнші махаббат дейтін ғажайып күйді өзінше әнге қосқан. Әркімнің өрнегі өзінше өзгеше.


Нұрлан Өнербаевтың махаббат туралы әндеріндегі басты ерекшелік қайсы десеңіз, біз оның кейіпкерлерінің ғашық адамына деген құрметі мен ізеті дер едік. Қалай дейсіз бе? Мәселен, жаны ізгі адам махаббатты бастан кешіргенде ғашық адамына деген көңілі, арнаған сөзі, айтқан әні, жазған хаты биік ынтызарлыққа, тазалыққа, адалдыққа, шынайылыққа толып тұрады. Сезімінің өзін кестелеп, бейнелеп, астарлап асқақ биік формада жеткізеді. Аспандағы ақша бұлттардай кіршіксіз, жердегі мөлдір бұлақ суындай тұнық, ескен самалдай таза күйде әнге, жырға қосады. Бұндай кезде әлгі жанды жер бетіндегі көп сұлудың бірі емес, көктен түскен хор қызындай қабылдайсың (біздің халықтың менталитетіне сай алсақ, ғашықтық жырларының көбі ер адамның аузынан өрбиді). Ал рухани әлемі жұтаң адам сезімін білдіргенде қарапайымдылық былай тұрсын, қарабайырлық байқалады. Лақ еткізіп «сүйдім, күйдім, өлдім, талдым» деген сөздермен (бергісін айтпағанда) биік сезімді аласартып алады. Тіпті, осындай әрекетімен ғашық адамын тым қолжетімді етіп жіберетіндей. Оны көп күлегеш қыздың біріндей ғана көресің, тіпті соның ғашықтық сезім екеніне де иланбайсың...

Біздің дәуірдің біртуар кемеңгері Таласбек Әсемқұлов Нұрлан Өнербаевтың осы бір ерекшелігін былай деп бағалапты: «Нұрланның репертуарындағы ең сұлу әндердің бірі - «Махаббат көктемі». Ән махаббат жайында. Алғашқы кіршіксіз махаббат жайында. Кейіпкері - бойын билеген асқақ сезімді айтып тауыса алмаған, махаббатына теңеу таба алмаған бозбала.

Қайткенде гүл-сезімің шығар естен.

Жанымды жадыратып самал ескен.

Көктемнің құдіретіжанды билеп,

Жүрегім Мұңлық-Зарлық күйін кешкен, - дейді ғашық.

Нұрлан осы әнде кейіпкерінің ахуалына түсіп кейіптелудің биік үлгісіне жеткен. Үлкен инабатпен айтқан махаббат сыры нандырмай қоймайды. Ұлы сезімді жырлаудағы ізет пен құрмет, күнделікті өмірдегі ар мен ұят - барлығы бір нәрсе екеніне көзіңіз жетеді».

Әннің сөзін ақын, музыкасын сазгер жазғанымен, сондай мың туындының ішінен таңдап алып, орындаушы - әнші. Осы тұста орындаушыға биік талғам керек. Сөзге де, әнге де... «Әдебиет - ардың ісі» болса, әншіге де әнді таңдағанда иба мен иман керек. Әлгі, «Аққуым» әніндегідей...

Аққудың баласындай,

Көзімнің қарасындай,

Тосылып көргенім жоқ,

Тотым-ау дәл осындай...

Өзінен жасы кіші қызға селт ете қалған көңілді сабырға шақыратын кейіпкердің жан-дүниесіндегі бұлқыныс. Соңында:

Ай мен күн бір-бірімен,

Кездеспей қалатындай.

Қайтейін қарындасым,

Өмірдің заңы осындай...

деп ағалық жолдан адаспайды. Қайта, қарындасының жолына бақыт тілеп, тулаған сезімін ұятымен тұншықтырады. Еліктей сұлу еркеден ерте туғанына өкініші де, қимастығы да, шарасыздығы да әннің мақамымен діттеген жеріне жетіп жатады. Осының өзінен біз іздеп отырған тазалық байқалмай ма?! Немересіндей қызға көз сүзетін шалдары көп біздің қоғамға осы бір тазалық жетпей тұрғандай. Екінші бір жағынан алып қарасаңыз, бұл жерде әншінің ізгілікті жырлауы, ар-ұятқа берік болуға шақырып аласұрған аласапыран арпалысы (жанайқай) байқалып тұрғандай...

Біз шығармашылығы хақында сөз қозғап отырған әншінің махаббат деген сезімді терең сезінгеніне, оның барлық кие-кепиетін толық түйсінгеніне тыңдарманның еш күмәні қалмайды. Ғашық адамның дегбірсіз күйде, шыдамы таусылып, кеудесіне жүрегі сыймай тулайтын ахуалын да, шарасыздық күйін де, елегізген көңілін де табасың репертуарынан.  «Көзің қайда» деген әндегі мына бір шумақты Мұқағали ақын өз сезім биігінде жазған-ақ шығар, талай ғашық осы жолдарды оқып, өзінің «боз күйік» болмысын көргендей күй кешкен болуы да ғажап емес. Алайда Тұрсынжан Шапай ән жазып, оны Нұрлан ағамыз орындап шыққанда осы бір шумақ әлдеқайда биіктеп кеткен еді. Анаа-ау, аспан жаққа рухы ұшып кеткен, жерде құр сүлдері жүрген Мәжнүннің бейнесін сомдайтындай құдіретке ие болып шыға келгендей:

«Көзің қайда көшеден мені іздеген,

Сөзің қайда жанымыз егіз деген.

Терезеңнің алдына келіп тұрмын.

Көгершіндей қыстүгін жем іздеген».

Сөз басында мысалға келтірген «Музыка мен ақындық сөз бір-бірімен жымдаса отырып, жүрекке жылы, ұнамды бірлік жасайды» деген жып-жылы жолдар осындай бірлікті айтса керек.

Тағы бір мысал («Аққуымды сағындым»):

Ғашықтар көрсем жарасқан,

Асығам саған жетем деп.

Аққуды көрсем адасқан,

Қаламын өзің екен деп...

Біздің қазақ теңеуді, салыстыруды, бейнелеуді ежелден жаны сүйген шығармашыл халық қой. Осы халықтың әннен не іздейтінін, өлеңнен қандай өрнек көргісі келетінін тап басады әнші. Оның халық әншісіне айналып кетуінің сыры, міне, осында жатса керек.

Бауыржан Есебаевтың «Әдемі-ау» әнінде де бір ғана тармақ ғашық кейіпкердің сүйгеніне деген пәк көңілін ашып беріп тұрғандай: «Сүйкімді едің, періште едің, пәк едің, Аңсадым ғой, қайда жүрсің әдемі-ау, әдемім!». Сенесің. Сенесің де өзіңнің де сонау жүрек түкпірінде сақтаулы ғашық күндергі қуатың ып-ыстық қан болып шымырлап бойға жайылғанын сезесің... Ән құдіреті деген осы емес пе?!

Сосын Нұрлан Өнербаевтың анасындай перзентінің ықыласына бөленген ана кемде-кем шығар... Әншінің ана тақырыбындағы әндері аз емес («Ана», «Ана туралы жыр», «Ақ әжем», «Анашым» т.б),  осының өзінен біздің әншінің перзенттік парызды терең сезінген жан екенін аңғарасың. Және де әр әнінің жүрекке жетіп жатуынан-ақ оның анасына деген шетсіз-шексіз махаббаты көрініп тұрады.

Анашым, шалқып күлсең,

Алдымда ұзақ жүрсең,

Жүрегім жыр толғайды.

Көңілім ортаймайды.

Анасы бар адамдар,

Ешқашан қартаймайды.

Осы бір шумақты білмейтін қазақ баласы жоқ шығар, сірә...

Ал, «Ана туралы жырдың» халық жүрегінен алған орнын айтып жеткізе алмайсың. Тіпті, Шәмші ағамыздың бұл әнінің дүниеге келуі де бір тарих еді. Шәмші Қалдаяқов консерваторияда оқып жүрген кезінде анасы өмірден озыпты. Жан анасын жер қойнына табыстап келген бетте сазгер бір ән жазады. Оған сөз жаздыру үшін Жазушылар одағына барады. Ондағы ақындар бірден Ғафу Қайырбековті нұсқап жібереді. Себебі оның да анасы аз уақыт бұрын өмірден өткен екен. Осылайша анасын жоқтаған қос ұлдың жүрегін жарып шыққан ән ел арасына кең тарап кетеді. Бүгінде бұл әнді тыңдап отырған адам жоқтаудан көрі сағынышты, перзенттік алғысты көбірек сезінеді. Ал осы бір ән Нұрлан ағамыздың көмейінен шыққанда сөзбен жеткізіп болмайтын сиқырлы күшке ие болатындай...

Анаға деген сағыныш пен ауылға деген сағыныш кейде астасып кетіп жатады. Урбанизация талай ауыл жастарын қалаға әкелді, ауылда әкесі, анасы қалды. Қара шаңырақ та қасқайып қалды. Анаңдай болған туған ауылың, әкеңдей болған қырлы, белесті өскен далаң ауық-ауық есіңе оралады. Нұрлан ағамыздың да қалаға қоныс тепкенімен, өскен жерге деген сағынышы әр сәт сайын кеудесінде азынап жататынын аңғарасың. «Ауылым», «Айналайын, ауылым», «Айналдым, елім», «Қыз қарағай» сынды әндерінен елге, жерге деген махаббат пен сағыныштың лебі есіп тұрады.

Әншінің өз кітабында «Бұл күндері болсамдағы қалалық, мендік көңіл, мендік жүрек далалық» деген жолдар кездеседі. Осы бір сөзден-ақ шығармашылық тұлғаға тән басты қасиетті байқайсың. Ол - арғы бабалардың рухымен, өмір салтымен жан дүниедегі үндестік әрі ескен желдей еркіндікке құштарлық. Бойында осы бір қасиет болмаған адамды шынайы шығармашылық адамы деудің өзі өтірік болар еді.

Біз байқаған осы үлкен үш тақырып - махаббат, ана, ауыл («Ауыл» деген сөзбен «Туған жер», «Отан», «елім-жерім» деген ұғымдардың бәрі астасып жатқандай) тақырыптары - әнші шығармашылығының басты лейтмотиві, азынаған ұлы сарыны дер едік.

Нұрлан ағамыздың талғамы, танымы туралы біраз сөз өрбіттік. Ал әнші туралы сөз қозғағанда ең басты айтылуы тиіс нәрсенің бірі, әрине, оның дауысы, орындаушылық шебері, әр туындыны жүрегімен жеткізе білетін таланты болуы тиіс. Бұл тұста жоғарыда келтірген Тұрсынжан ағамыздың: «Әншінің көмейіне Құдай көрік пен бояуды аямай-ақ берген» деген бағасынан асырып бірдеме айтудың өзі қиын. Сол себепті де өз тарапымыздан баға бергенді былай ысырып, әнші мен сыншы қос майталманның  пікіріне жол бердік.

Нұрлан Өнербаевты халық не үшін сүйеді? Бұл әншінің халық көңілін баурап алған ең басты қасиеті не? Бұл сөздерге де Бекболат Тілеуханның сөзімен жауап берейік: «Мына 80-ші жылдардың ортасында қазақ өнеріне ҚОҢЫР ӘУЕНГЕ ЕСТІ СӨЗ САЛЫП, биязы жүзімен, байыпты үнімен, асықпай-саспай, жыламай-сықтамай бір тамаша әнші келді, сол Нұрлан еді...». Міне, осы байсалды болмысына үйлескен күміс көмей оның тұлғасын қайталанбас ерекшелікке бөлейді. Оны да жазушы Таласбек ағамыздан асырып жеткізе алмаспыз.

«Нұрланның ең үлкен қазынасы - дауысы. Тамаша дикция, тілдің оралымдылығы, әнді естілер-естілмес етіп айтқанның өзінде сезіліп тұрар үлкен қажыр - бұл әнші дауысының анық сипаттары ғана. Нұрланның дауысын белгілі бір типке жатқызу қиын. Батыс музыкатануында «дауыстың аспаптық табиғаты» («инструментальность голоса») деген ұғым бар. Міне,  әншінің дауысын осындай типке, шартты түрде жатқызуға болар еді», - дейді сыншы.

«Расында, ән өнерінде «өз-өзінен жетілген шедевр - дауыс» (самопоющийся голос - шедевр) деген ұғым бар. Бұндай дауыстың иесі ән айтпай-ақ қойса да болатындай. Себебі, жай сөйлеген сөзінің өзі әнге бергісіз». Бұл да тау болмысты Таласбек ағамыздың берген бағасы.

Әсілі, сөздің дәмін, ойдың көрігін қашырмас үшін де осыдан кейін Нұрлан Өнербаевтың әншілік шеберлігі, ерекше дауысы, таным-талғамы туралы еш сөз айтпаған абзал. Жай ғана тыңдау керек, сезіну керек, түсіну керек. Ол үшін адамға бір ғана нәрсе керек. Оны біраз жылдар бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан екен: «Нұрлан әнінің табиғатын түсіну үшін нағыз қазақ болу керек...»

Бір адамның өнері, шығармашылығы ұлттық болмысты өлшеудің барометріне айналатын кез болады. Бұл - осындай сирек әрі ғажайып құбылыстың бірі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар