Талас өзенінен заңсыз балық аулаған 22 браконьер жауапқа тартылуда
Жамбылдық полицейлер балық және басқа да су жәндіктерін аулауды шектеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жұмыстар нәтижесі туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Тыйым салынғанына қарамастан, Талас өзенінде жүйелі рейдтік іс-шаралар барысында 22 құқық бұзушы ұсталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, жалпы сомасы 404 000 теңге айыппұл салынды», - дейді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Сондай-ақ, аталған кезеңде Тараз қаласының сауда орындарында заңсыз балық сату мен тасымалдаудың жолын кесу бойынша бірқатар рейдтік іс-шаралар өткізілген.
«Заңсыз балық тасымалдаумен және сатумен айналысатын 6 адам анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. Олардан 194 келі балық тәркіленді, іс сотқа қарау үшін жіберілді»,-дейді Г. Мұхтарқұлова.