Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51
Jańalyqtar

Талас Омарбеков: 1916 жылғы көтеріліс жан-жақты зерттеле қойған жоқ

2016 жылғы 10 қазан 14:41 477
Бөлісіңіз:
Талас Омарбеков: 1916 жылғы көтеріліс жан-жақты зерттеле қойған жоқ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҚазҰҒА құрметті мүшесі Талас Омарбековтің 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске қатысты айтар өз тұжырымы бар. Бұл тақырып, толық зерттеле қойған жоқ деп санайтын ғалым, «ҚазАқпарат» тілшісімен болған сұхбатта өз пікірін айтты.    

- Талас аға, 1916  жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс ғылыми тұрғыда толық зерттеліп болды ма? Әңгімені осыдан бастасақ...

- Ұлт-азаттық көтеріліске жаңаша баға берілді деп айта алмаймыз. Бұл тақырып, шынын айтқанда, жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Керісінше, Кеңестік жүйе тұсында өндіріле зерттелді. Ал енді, тәуелсіздік алғаннан кейін, бұл тақырыпқа деген қызығушылық жоғары болмады. Сондықтан да, бұл мәселе толық зерттелмей жатыр. Өйткені, 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін, бұрын жабық болған, тарихтың ақтаңдақ беттері ашылып, зерттеу нысаны ретінде алға шықты. Мысал үшін, коллективтендіру кездеріндегі көтерілістер, 1929-31 жылдары болған, «Абыралы», «Созақ»,«Адай», «Шұбартау», т.б көптеген көтерілстерге жаңаша көзқараспен тарихи баға берілуі керек болды... Одан кейін, 1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісі үлкен мәселе болды. Биыл міне, оның 30 жылдығы. Осыдан кейін, Алашордаға байланысты, Алашорданың осы көтерілістерге қатысы зерттеу нысаны ретінде алға шығып кетті. Тарих ғылымы қазір сонымен әлек... 1916 жылғы көтерілістің өзі онша өзекті тақырып болмай тасада қалып отыр. Сосын, «Амангелді Имановты Алаш қозғалысы өкілдері өлтірген» деген мәселе төңірегінде артық әңгімелер айтылып кетті. Тарихқа көмектеспейтін әңгімелер орын алып отыр.

- Бұл тақырыптың ашылмай жатқан тұсын нақты айта аласыз ба? 

- 1916 жылғы көтеріліске ғалымдар тарапынан қызығушылық әрқашан да болды. 1991 жылы бұл көтерілісті академик Манаш Қозыбаев «Ұлт-азаттық революция» деп бағаласа, Бейсембаев деген тарихшы мұны «Ұлт-азаттық соғысы» деді. Бұл берілген бағаларға қатысты, аталған тақырыпты терең зерттеген әріптесіміз, ғалым Мәмбет Қойгелдиев өз тұжырымын айтты.

«1916 жылғы көтеріліс революция деңгейіне көтерілуі үшін оны ұлттық иннтелигеция басқаруы керек еді. Оның ұлттық орталығы, сосын көтерілісшілердің «тәуелсіздік алу, өз алдына дербес мемлекет құру» деген секілді алдына қойған саяси мақсаты болуы керек еді. Мұндай белгілер болмағандықтан, оны революция деп айта алмаймыз», - деді.

Ал, енді мұны «Соғыс» деп бағалуға әрине, болмайды. Соғыс болуы үшін, әскер шеп құрып, майдан даласына шығуы керек. Тіптен, ол партизан соғысы болғанның өзінде де онда армия, орталықтан басқарылатын отрядтар, командалық әскери штаб болуы керек. Ондай әрине, болған жоқ. Бұл көтеріліс бытыраңқы болды. Ал енді бізде мынадай кемшілік бар тарихшыларда, Ұлт-азаттық көтерілісі деген сөзді «Ұлттық» деген сөзбен шатастырамыз. Осы жағына терең назар салайық. Жалпы, Қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістерді менің ойымша, тұтас алғанда, мысалы Қарқарадағы «Албан» көтерілісі, Алматының батысындағы Дулаттардың Бекболат Әшекеев бастаған көтерілісі, Шығыс Қазақстандағы Наймандар, Арғындардың көтерілісі, Торғайдағы Әбдіғаппар Жанбосынов пен Амангелді бастаған Қыпшақтар, Айжарқын Қанайұлы бастаған Кіші жүз руларының көтерілуін, әр жердегі қозғалыстарды тұтастай атағанда Ұлт-азаттық қозғалыс деп баға беруге болады. Бірақ, бір мәселеге назар аударайық: мысалы, 1916 жылғы Торғайдағы көтеріліске қатысушылар Қарқарадағы Албандардың көтерілісін білген жоқ қой. Өзара байланысы болған жоқ. Тіпті, Албандардың көтерілісінің Алматының батысындағы Бекболат Әшекеев бастаған көтеріліспен байланысы болған жоқ. Міне, осындай бытыраңқы көтеріліс болды. Бұл көтерілістердің қозғаушы күші рулар болды. Мұны айтуға әлі күнге дейін батпай отырмыз. Рулық көтерілістерді «Ұлттық көтерілістер» деп атауға болады. Өйткені оған, бір немесе екі рудың өкілі, яғни қазақ ұлтының өкілдері қатысып, орыстандыру саясатына қарсы тұрды, оны неге «Ұлттық көтеріліс» деп айтпаймыз? Мысалы, Торғай көтерілісіне қатысқан негізінен, Арғындар мен Қыпшақтар. Әбдіғаппар Жанбосынұлын Қыпшақтар хан сайлады, Арғындар Оспан Шолақұлын хан сайлады. Ал, ар жағындағы Ырғызға көрші кіші жүздің рулары Ақжарқын Қанайұлын хан сайлады. Сөз арасында айта кетейік, Айжарқын Қанайұлы кейінгі ұжымдастыру жылдарындағы көтерлісте де, 14 жылдан кейін хан сайланды. 1930 жылы ол Күлқамыс деген жерде қызылдардың қолынан мерт болды. Айжарқын Қанайұлы бастаған көтерілісшілер 1916 жылы Әбдіғаппар Жанбосынұлының қолына қосылып, Әбдіғаппардың көмекшісіне айналды. Басында оны хан сайлаған. Ол жазалаушыларға қарсы табанды күресіп, ұрыс даласында қайтыс болған адам. Нағыз батыр - сол. Мынаны, ұмытпауымыз керек, мысалы Мұстафа Шоқай - дербес көзқарасы бар, кеңес үкіметіне қарсы шыққан адам. Кеңес тарихшыларының коммунистік рухта жазған еңбегін сынады. Басы Т.Рысқұловтан, С.Асфендияровтан бастап... Идеологиялық тұрғыда ауытқумен тарих жазғаны үшін шет елде отырып сынға алды. Ал, сол кісі өзінің еңбектерінде 1916 жылғы көтерілісті «Ұлттық көтеріліс» деп бағалады. Сондықтан, біз Ұлт-азаттық деген сөзді абайлап қолдануымыз керек. Ұлт-азаттық деген үлкен мемлекеттік деңгейдегі саяси талаптар қойып, бүкіл ұлттың мүддесін қорғайтын, ұлтқа тәуелсіздік алып беретін ұлттық мемлекет құруды мақсат ететін, жалпы халықты біріктірген дербес қозғалыстарды Ұлт-азаттық қозғалыс деп атауға болады. Жалпы, қазақ даласында болған 1916 жылғы барлық қозғалысты Ұлт-азаттық қозғалыс деп атаймыз. Ал, жеке-жеке, Амангелді бастаған Торғайдағы, ана Қарқарадағы, Абыралыдағы көтерілістерді жеке айтқанда Ұлттық қозғалыс дейміз. Өйткен, ол белгілі бір аймақта, белгілі бір ауданда ғана болған. Бір-бірімен байланыспады. Жеке рулардың бас көтеруінің себебімен болды. Мұны неге айтып отырмыз, себебі, 1916 жылғы көтерілісте рулық ынтымақ күшейді, қазір соны айтпай қалып отырмыз. Осыны айтуымыз керек.

- Неге айтылмай отыр?

- Себебі, оны ешкім қабылдамайды. Ру деген сөзден бізде билік те, ғалымдар да ат тонын ала қашады. Мен мұны 1916 жылғы көтеріліс тақырыбы шыққаннан айтып келемін. Мұстафа Шоқайдың жазатыны бар ғой...

«1918 жылы маған Торғайдан екі-үш жігіт келді. Олар: «сіз Қыпшақ екенсіз, Әбдіғаппар мен Амангелді жіберді, біз ана Торғайдағы Арғындарға қарсы соғысайық деп едік, соған сіз білімді Қыпшақ екенсіз, бізді басқарыңыз, бізге саяси жетекші болсаңыз» деді. Мен Қыпшақ тұрмақ, қазақ деген сөзді аузыма алмай, бүкіл Түркістанды біріктіремін деп жүрген идеямда олардың шаруасы жоқ екен», - деп жазады.

Көтерілісшілердің деңгейін осыдан білуге болады. 14 жылдан кейін Амангелдінің ауылында тағы да көтеріліс болды. Омар деген кісі хан сайланды. 1929 жылғы қыркүйек айындағы Батпаққара көтерілісі - сол 1916 жылғы көтерілістің жалғасы. Оның да ерекшелігін айта кетейік, қозғаушы күші жағынан алғанда ол да рулық көтеріліс. Ырғыз көтерілісі де рулық көтеріліс, «Адай» көтерілісі де, аты айтып тұр... Созақ көтерілісін Тамалар жасаған. Сұлтанбек Шолақұлының өзі де Тама. Таманың ақсақалдарымен ақылдасып, бастаған. Абыралыда Арғындар көтерілді. Шұбартауда - Керейлер. Бұл тарихи шындықты қалай айтпаймыз? Өкініштісі, біздің көп томдық Қазақстан тарихындағы  монографияларды алып қарасаңыз, осы мәселені көрмейсіз... Мен айтып отырған руларды атамайды. Адай, Тама деп айтуға болмайды екен. Жаңадан көтеріліп жатқан осындай мәселелер бар...

Тарихшылардың өзі бұл мәселені осқырып қабылдап, рулық деген сөзден қашады. Мәселен, Адай көтерілісін Адайлардың рулық көтерілісі деп айтайықшы, бәлеге қаласың... Сосын, мұны түсінбегендер, Талас Омарбеков Ұлт-азаттық көтерілісті рулық көтеріліске айналдырып жатыр деп шығарады. Айтпайын десең, тарихи шындық - осы. Мен өзім рушыл емеспін. Өйткені, мен рулар тарихынан көп томдық шығарған, рулар тарихын зерттеген адаммын. Мен қазақтың ру руға бөлінуі бізге пайда әкелмейтінін ең жақсы білетін адамдардың бірімін. Оны айтпайын десең, тарихи шындық айтылмай қалады. Мен де ел құсап айта салсам болады, бірақ өзіңіз қараңыз. Мысалы, ең қанқұйлы болған Қарқарадағы Албандар көтерілісін, қалай Ұлт-азаттық дейміз? Оған бір, екі-ақ ру қатысып отырса, ол қалай қазақ ұлтын азат ету көтерілісі болады. Сөз жоқ, орыс тоталитаризміне, патшалы Ресей басқыншылығына қарсы шықты. Сондықтан, Қарқарадағыны айтқанда  «Ұлттық көтеріліс» деуіміз керек. Дәл солай, Батбаққарадағы, Абыралыдағы көтерілістерді жеке-жеке алғанда «Ұлттық» деп, ал тұтас сол замандағы көтерілістер туралы айтқанда «1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістер» деп айта аламыз. Бекболат Әшекеев пен Амангелді Иманов бүкіл қазақ даласын, оңтүстік, батыс, шығыс, солтүстікті біріктіріп, әскер жинап шыққан жоқ қой... Олар жергілікті жерде патша жарлығына қарсы бас көтерді. Осы мәселелердің біреуі де біздің тарихта жазылған жоқ. Жеке көтерілістерді «Ұлт-азаттық көтеріліс» деп, айқайлап, тарихты бұрмалап отырмыз.

- Енді не істеу керек?

- 1916 жылғы көтерілісті індете терең зерттеу қажет. 1916 жылғы көтеріліске қатысқандардың жағдайын білу үшін анау Балтық жағалауындағы мұрағаттарды да ақтару керек. Майданға қара жұмысқа, «окоп» қазу жұмыстарына барған қазақтарды сол мұрғаттардан қарау керек. Өйткені, ондағы деректер Қазақстанға әкелінген жоқ. 1916 жылғы көтеріліс туралы біз Бішкек, Ташкент, өзіміздегі архивтерден  қараумен жүрміз. 1916  жылғы қозғалыс жалпы бүкіл ресейлік сипат алды. 1916 жылы қара жұмысқа алынған қазақтар Балтық жағалауларында айлап жатып, жұмыс жасады. Оларға Алаш қайраткерлері барды. Мәскеу, Ленинград, Томскіде оқитын қазақ жастары бәрі барған. Әлихан Бөкейхановтың шақыруымен қазақ жастары барып талаптар қойды. «Қазақ» газетінде жарық көрген «Соғыс майданында қазақ жұмыскерлер» деп аталатын мақалада қазақ интеллиген- циясы былай деп жазды: «Қазақ жұмыскерлерді ренжітпей жақсы ұстау үшін, мынадай шарттар қойылсын: 1. Қазақтар өз алдына қос болсын. Өз арасынан ақсақал сайласын, тіл білетін тілмаштары болып, дружина бастықтарымен сөйлесу, хабарлау үшін; 2. Намаз оқу секілді құлшылықтарынан тыйылмасын, қажет орны болса, табуға мүмкін болғанда араларына молда қойылсын; 3. Тамақтары: шай, қой еті, түздаған сиыр еті болсын. Шошқа етін беруге болмайды. Ұн, тары, май, ет, шайлар қолдарына берілсін. Өз араларынан аспаз сайланып қойылсын; 4. Қазақтардың таза тұруына көз салынсын». Өкінішке орай, кеңестік кезеңдегі тарих ғылымы қазақ ұлттық интеллигенциясының тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне көрсеткен көмегі туралы мүлде жазбауға,тіптен бұл мәселені ауызға алмауға тырысты. Қазақ интеллигенциясы патшаның маусым жарлығы шығысымен-ақ, қалыптасқан ауыр ахуалда туған халқына қолынан келген көмегін аянып қалмады.  Сосын, тылдағы қазақтар ауылдарына қайтқанда адасып, ауылын таппай қалмасын деп Алаш қозғалысының қазақтары оларды басқарып, пойыздарға бөлініп, жол сілтеп, жолбасшы болған. Бұл деректер Алаш қозғалысы туралы тарихи құжаттарды ақтарған кезде ашылды. Арнайы ешкім бел шешіп, мұны аяғына жеткізіп зерттеген жоқ.

- Өзіңіз айтып отырғандай, Алаш зиялылары мен 1916 жылғы көтеріліс жетекшілері арасында түсінбестіктер болды, тарқатып айта кетесіз бе?

- Міржақып Дулатов  оқиғадан 10 жыл өткенде «Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы жазған мақаласында 1916 жылғы қазақтан қара жұмысқа жігіттер алу туралы маусым жарлығы шыққаннан кейінгі ауыр ахуал жағдайындағы қазақ интеллигенциясының дағдарысты көңіл-күйін төмендегідей бейнелейді: «...Бір күні төбеден түскен жайдың оғындай июнь жарлығы сарт ете түсті. Бұл жарлықтың бізге жайдың оғындай көрінуі - қалың қазақ еліне оның әсері қандай болатындығын сезгенімізден еді. Бұл жарлықтың қазақ арасына қалай тарайтыны, қазақ елі не күйге ұшырайтыны көз алдымызға елестей қалды. Өз өмірімізде басымызға тумаған ұлы дағдарысқа ұшырадық. Қайтпек керек? Не істейміз? Елге не айтамыз? Біздің басшылығымыз қандай болмақ керек? Елдің ризалықпен көнгісі келмейтіні, балаларын бергісі келмейтіні, «соғыс», «солдат» деген сөздерден өлердей қорқатыны, патша өкіметіне сенімі жоқтығы белгілі. «Көнбе, берме» дейміз бе? Оның түбі не болады? Немізге сеніп, «Көнбе» дейміз? Көнбейтін күшіміз қайда? Біздің ұйымда күш жоқ. Барар жер, басар тауымыз белгілі... Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен қалқақтап келе жатқан надан қазақ, орыс өкіметінің табанында езіліп келе жатқан бишара қазақ көнбеймін десе қор болмай ма? Көнгені дұрыс па екен? Екеуінде де зиян бар екен. Екі зиянның қайсысы жеңіл болар екен? Міне, біздің басымызды даң қылған, миымызды ашытқан, ұлы дағдарысқа қалдырған сұраулар осылар еді. Қайткенде бізге бұл жолдың біріне түспеске болмады», - деп жазды. Міне, бүкіл қазақты тығырыққа тіреген мәселе шындығы! Кезінде осындай қыспақтан шығар жол таңдаған Міржақып Әлихан Бөкейхановпен және Ахмет Байтұрсыновпен бірігіп жоғарыдағы дағдарыстан шығудың төмендегідей бағытын ұсынған еді: патша шешіміне «көнгенде жұртқа қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар? Көнгенде шаруаға кемшілікте келер, барған жігіт қазаға да бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді) - Көнбегенде көретін ауырлық: бағынып тұрған үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер... Міне, біздің екі ауырлық дейтініміз осы. Бірі - барса шаруаға кемшілік келіп, алынған жігіттер аз қазаға бейнетке ұшырағаны, екіншісі бармаймын деп қарсылық қылса, елге келетін зор бүліншілік. Осы екі ауырлықтың жұрт қай жеңілін таңдауы керек. Ал ел көнді, көнгенде не істеу керек? Ел басшысы адамдар әділдікпен списокті өздері түзеп беру керек. Мынау жақсы, мынау жаман, мынау бай, мынау кедей деп бөлмей, сатылмай дұрыстықпен іс қылу керек». Көріп отырғанымыз, Алаш қозғалысы қайраткерлері патшаның маусым жарлығына амал жоқ мойынсұнған, қалыптасқан қиын ахуалды таразылай келе артын ойламай, ашу жетегіне ілескен бейбіт халықты патша үкіметінің мұздай қаруланған және жақсы үйретілген жазалаушы әскеріне қарсы қойып қырып алмауды ойлап, халыққа «патша жарлығына көніңдер» деп кеңес беруге мәжбүр болған. Алайда, Алаш көсемдерінің осындай, бәрінен бұрын халық қамын ойлаған ізгі ниеті Алаш қозғалысы басшыларын керісінше халыққа қарсы тұлғаларға айналдырып, тіптен оларды адамгершіліктен жұрдай етіп баяндауға құштар кеңестік тарихнама назарына қасақана ілінбей қалды. Осы жерде мынаны да айтпауға болмас: Алаш зиялылары қалың қазаққа жанашыр болып қана қоймай, күші басым отаршыл жүйе құрсауына, орыс аюының қайырымсыз құшағына аңдаусызда түсіп қалмай, өздері армандаған жарқын болашаққа қантөгіссіз баруды да ойластырды. Қазақ ұлттық интеллигенциясы көзқарасына жасалған талдау оның болашақ саяси төңкерістен үміт күткенін, бірақ ол төңкерістің нақты қашан болатынына көздері жете қоймағанын көрсетеді. Десек те, әрқашан либералдық демократия жолын ұстанған ұлт зиялылары өздері әрқашан адал қызмет жасап келген қазақ ұлтының мүдделерін төңкеріс жолында құрбан етуге де бара қоймаған болар еді. Төңкерісті пайдаланып, жеке бас мүддесін күйттеп, билікке қол жеткізу Алаш зиялыларына жат нәрсе еді. Осының мысалы жоғарыдағы М.Дулатовтың «Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы жазған мақаласындағы төмендегідей жолдар: «Төңкеріс жолында қазақ жұрты құрбан болып-ақ кетсін деуге дәтіміз шыдамады. Сондықтан, біз екінші жолды қаладық - көну керек дедік. Осыған бел байлағаннан кейін елге көзіне айтатын сөзіміз де, басшылығымыз да осы 19 бетте болды. Тек неше түрлі сылтаумен соза беру жағын ғана ескеріп отырдық: пішен шабатын кез, егін оратын кез бірінің артынан бірі келе жатыр, мәулет сұраңдар дедік, халық әлі түсінген жоқ, әбден түсінсін, осыған пұрсат сұрау керек дедік». Халықтың қарсыласамын деп қанға бөгіп қырылып қалмауын ойлаған Алаш зиялыларының мұндай адамгершілікті басшылыққа алған гуманистік көзқарасы өзінің ұлтына деген сүйіспеншілігінің, оған шексіз берілгендігінің тағы бір айқын көрінісі еді. Қазақстанның тәуелсіздік алуынан кейінгі кезеңде жарық көрген қазақ зерттеушілерінің еңбектері бұл пікірді мұрағат және баспасөз деректеріне сүйене отырып, ғылыми тұрғыдан нақты дәлелдеп берді.

Сосын, Алаш қайраткерлерінің Амангелді Имановтың өліміне қатысы бар деген мәселе. Амангелдінің кеңестер одағы жағына шыққаны, қызылдарға көмектескені рас. Амангелді мен Әбдіғаппар дос болды, Әбдіғаппар Алаш қайраткерлері жағына шықты. Ал, Амангелді қызылдар жаққа өтті. Бұл коммунистердің сепкен «смутасы», құйтырқылығы болды. Амангелді батыр болғанымен, саяси сауаты төмен болды. Осы жерге келгенде де Алаш қозғалысының қазақ ұлтын азат етпек болған идеясын қаралауға болмайды. Мұның бәрінің басы ашылады, әрине. Ол үшін 1916 жылғы көтерілісті жетер жеріне жеткізіп зерттеу керек.

-Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет.

 

 

 

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Қазақстан тарихы,
Бөлісіңіз:

Автор:

Алмас Мұқашұлы

Загрузка...
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
MURAǴAT