Талантты тани білеміз бе?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Талантты жандар туралы ой толғамаған, оларға қызыға қарамайтын адам кемде-кем шығар, сірә. Өз бойындағы талантын талабымен демеуге табандылық таныта алмай жүргендер де қаншама. Шынайы талант тасты да жарып шығады десек те, адамның өз бойындағы талантын немесе өзгелердің бойындағы талантты бірден танып білуі оңай шаруа емес.

Талант туралы сөз еткенде алдымен адам жанының маманының пайымына сүйенгенді жөн көрдік.

«Адамның бойында туа бітетін қандай да бір іске деген қабілет негіздері болады, оны қолданса - дарындылығы байқалады, әрі қарай дамып, жетілдірсе - талантқа айналады. Дамытпаса, қабілет негізі ( орысша айтқанда - задаток) түрінде қалып қояды. Ал дарын - ол бір нәрсеге ерекше қабілеттілік (мысалы, ән салуға, математикаға т.б.), ал талант - ол талаптанып дарынын жетілдіру. Адам бұл қасиетін жетілдірмесе, дарын күйінде қалып қояды, оны кәсіпке айналдыра алмайды», - дейді психология магистрі, арт-терапевт, психотерапевт, "Үйлесім" тренинг орталығының директоры, "Қызықты психология", "Практикалық психология" журналдарының бас редакторы Қайырова Жаңагүл Амантайқызы.

Мәселен, әйгілі орыс ақыны Лермонтов бала кезінен-ақ өзінің ерекше дарын иесі екенін сезінген әрі онысын жетілдіре білген. Дарын - қандай да бір істі өте жақсы әрі басқа адамдардан өзгеше (жылдамырақ, жақсырақ, тереңінен түсініп, сезініп) атқара білу қабілеті. Ол адамның бойына туа бітеді. Талант, дарын ұғымдары туралы Википедия мынадай анықтама береді: «Талант (гр екше talanton - ауыспалы мағынада: қабілеттер деңгейі) - арнайы қабілеттердің дамуының биік деңгейі. Талант деп қандай да бір іс-әрекеттің, әсіресе табысты шешілуіне жағдай тудыратын аса үздік қабілеттіліктердің ұштасуын атайды. Дарындылық - адамның белгілі бір іске деген айрықша қабілеттілігі, өмірдің қандай да бір саласында өзін ерекше қырынан көрсетуі».

Мәселен, баланың саусақтары дәлме-дәл әрі нақты әрекеттерді жасауға бейім болса, болашақта одан тамаша скрипкашы шығуы мүмкін. Ал келесі бір баланың басқалармен салыстырғанда ой-қиялының күштілігі, ауқымдылығы мен тереңдігі сонша, ол жаңа образдарды қиналмай ойлап табады. Егер ол суретші немесе жазушы болса, оның дарыны - бойына туа біткен қабілет негізі кәдеге асады.

Талант адамның тек туа біткен, генетикалық себептелген ерекшеліктерінің немесе дарынының нәтижелері ғана емес. Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары ғалымдар А.Мещеряков пен И.Соколянский өздері жүргізген зерттеулер нәтижесінде әрбір қалыпты адамның бойында туа біткен қандай да бір таланттар нышаны болады, ал олардың даму дәрежесі түгелдей дерлік адамның алатын тәрбиесіне байланысты деген тұжырымға келді.

Ал 1980-ші жылдар басында американдық психолог, клиникалық психология және нейропсихология саласының маманы Говард Гарднер «Ақыл-ой шегі» (Рамки ума) деген кітабын шығарды. Мұнда ол талант пен интеллектінің тоғыз типін айқындады. Атап айтқанда:

- вербалды-лингвистикалық (жазу мен оқуға байланысты қабілеттер, көбіне журналистерге, жазушыларға, заңгерлер мен лингвистерге тән).

- сандық (математиктер мен программистерге тән);

- есту (музыканттар, лингвистер, тілтанушылар);

- кеңістікті сезіне білу қабілеті (дизайнерлер мен суретшілерге тән);

- физикалық (спортшылар, бишілер);

- тұлғалық (эмоциялық);

- тұлғааралық (мұндай талантқа ие адамдар көбіне-көп саясаткер, шешен, саудагер, актер болады);

- қоршаған ортаға деген талант (бұл талантқа жануарларды үйретушілер мен жер өңдеумен айналысатындар ие);

- кәсіпкерлік (жаңа ұрпақтың заман талабына сай материалдық құндылыққа маңыз беру таланты).

Бұл саралау бойынша мәселен, Билл Гейтс кәсіпкерлік және сандық талантқа ие жан десек, Лермонтовтың талантын вербалды-лингвистикалық деп жіктей аламыз.

Қандай да бір музыкалық аспапта ойнауды, ән салуды оған ден қойған кез келген адам үйрене алады. Алайда жақсы музыкант қарапайым музыканттан орындау шеберлігімен ерекшеленеді. Ал бұл шеберлік неге байланысты? Ол - адамның қабілеттеріне, яғни аспап пернелерінде ойнай білу, ән салу бейімділігіне байланысты. Біреулер өнердің биік шыңын біртіндеп бағындырса, енді біреулер жетістіктерге басқалардан әлдеқайда жылдамырақ қол жеткізеді. Себебі, оның бойында осы іске деген туа біткен бейімділік бар, оның басқаларға қарағанда бұл іске алғырлығы басым. Демек, басқалар жылдап үйренетін істі ол 1-2 ай ішінде-ақ меңгеріп алады. Яғни, адамның бір істі басқалардан жылдамырақ үйренуі оның қандай да бір іске туа біткен қабілет негізі барын көрсетеді.

Бұл жерде маңызды бір нәрсені естен шығармаған жөн - адамның бойына табиғатпен берілген, туа біткен қабілет негізінің болуы - ол тек істің басы ғана. Ол адам сол істі аса шеберлікпен атқаратындай қабілетке айналдырылуы тиіс.

«Кез келген дарынды дамыту үшін негізгі психикалық функцияларды (зейін, жады, қиял, логикалық ойлау), сондай-ақ негізгі тұлғалық сипаттамалар - тәртіп, шынайылық, ұқыптылық, ынтаны да дамыту керек. Танымдық қабілеттер мен дағдыларды да жетілдіру керек. Атап айтқанда, кең көлемді ақпаратты игеру, бай сөздік қорын қалыптастыру, игергенді жаңамен үйлестіру, қорытынды шығара алу, күрделі мәселелерді шеше алуды, күрделі идеяларды ұғуға үйрету қажет. Сондай-ақ кез келген нәрседен білінер-білінбес айырмашылықтарды ажырата алатын сезімталдықты, ситуацияны талдай алуды, себеп-салдарды көре алуды, болжам құруды, пайымдай алуды, идеяны іс жүзінде қолдана алуды, сыни ойлауды, білуге құмарлықты, тәуекел ете алуды, ой мен әрекет үйлесімін, жылдам ойлауды, бай қиялды, жоғары эстетикалық құндылықтарды, ішкі түйсігін дамыту керек", - дейді психолог Ж.Қайырова.

Бұл жерде тағы бір мәселе бар: біреудің табиғат берген бейімділігі қандай да бір істі шеберлікпен атқаруына мүмкіндік беретін қабілетке айнала алса, екінші біреуге ол үшін көбірек уақыт қажет немесе оның талпыныстарынан мүлдем түк шықпауы мүмкін. Себебі, оның бұл іске туа біткен бейімділігі бар, алайда олар қабілетке айналмайды, яғни ол бұл кезеңнен өте алмайды. Демек, қабілетке ие болудың өзі енді ол адамның қолға алған ісін тамаша етіп атқарады дегенді білдірмейді. Қабілеттен кейін келесі кезең - оны талантқа айналдыру кезеңіне аяқ басу қажет. Бұл жерде талантты адам қабілетті адамнан несімен ерекшеленеді деген заңды сауал туады.

Таланттың қолынан жаңа дүние туындайды. Ал қабілетті адам бар болғаны белгілі, басқалар атқаратын істі өте жақсы атқарады, алайда жаңа дүние (мысалы, әдеби туынды жазу, сурет салу, күй, саз шығару тәрізді) ойлап таба алмайды. Ал талантты адам қабілетті адам тәрізді қандай да бір тапсырманы тамаша орындап шыға алмаса да, ол виртуозды, суырып салма, яғни жаңа дүниені ойлап табады.

Демек, адам өзінің қандай іске бейімі барын қандай да бір істі басқалардан жылдамырақ үйреніп, алғырлық танытуы арқылы біле алады. Егер сол істі тереңінен, сезімталдықпен, басқалардан шебер ұғына, игере білсе, оның сол іске қабілеті бар. Ал бұдан бұрын ешкім жасамаған, ойлап таппаған жаңа дүниені тудыра алса - бұл талант.

Мәселен, фото түсірумен енді ғана кәсіпке айналдыра бастағандар пейзаж түсірген соң өздерін аса талантты жандар ретінде санай бастайды. Бірақ олар фотосурет түсіру өнеріне еш жаңалық әкелмесе, оларды талантты деп тануға ертерек. Ал олардың бұл іске деген туа біткен бейімділігі бар-жоғын қалай білуге болады? Егер олар басқа адамдармен салыстырғанда, бұл істі жылдамырақ, мәселен фотосурет түсіру шеберлігін бір жыл ішінде үйреніп шықса, демек олардың бұл іске бейімі бар. Ал егер бес жылдан соң түсірген суреттері таңдай қақтырарлықтай болса, бұл істі асқан шеберлікпен игеруге қабілеті бар. Енді бұрын ешкім түсірмеген тың тақырыптарда суреттер түсіре бастаса немесе оларды түсірудің тың тәсілдерін ойлап тапса, талантты адам туралы сөз етуге болады.

Сонымен, адамның бойына туа біткен бейімділігін қабілетке, ал қабілетін талантқа айналдыру жолы қандай? Оның тек бір-ақ жолы бар: ол -табандылықпен еңбектену, төзімділікпен тер төгу.

Әр адам өзінің туа біткен қабілеттерін, қай іске бейімділігін ескеріп барып, сол іспен айналысса, қоғамға да, өзіне де тиер пайдасы мол болары сөзсіз

Қазіргі мектеп түлектерінің көкейінде қандай мамандықты таңдасам деген сауал тұрады. Өзінің қабілет-қарымын танып-біліп, жетілдіруге күш салып жүрген жастың бағдары - айқын, мақсаты - биік. Бұл тұрғыда әр баланың бойындағы өзіне тән қабілетіне көңіл бөліп, оның өмірлік кәсібін дұрыс таңдай білуіне көңіл бөлу керек. Балабақшадан бастап, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқанға дейінгі уақыт аралығында ата-ана, тәрбиешілер мен мұғалімдер, психолог мамандар баланың тұлға ретінде қалыптасу жолында бойындағы бар қарым-қабілетін ашуға ықпал етуі тиіс. Бұл тұста адамның өзін талантты жан ретінде көпшілікке мойындатуы үшін жылдар бойы тер төгуі қажеттігін де ескеру, ескерту қажет. «Ата-анасы баланың бойынан туа біткен қабілет нышандарын байқай білуі керек. Дарындылықтың бірнеше түрі болады. Мысалы, креативті, айрықша, шығармашылық ойлау қабілеті, жоғары интеллект (болашақ ғалымды 5-6 жасындағы алғырлығынан, зейінділігінен, есте сақтау қабілетінің жоғарылығынан байқауға болады); өнерге, биге бейімділік (оған дарындылық баланың 1,5-2 жасынан байқалады); әлеуметтік дарын (болашақ көшбасшылар). Осы қабілеттерді байқаған соң баланы тиісінше бағыттарда (үйірмелерге беру т.б.) дамытуға болады. Бірақ бұларды аталған жастардан бастап ерте дамытуға асығудың қажеті жоқ. Баланың физиологиялық, психологиялық қалыптасуы оқу іс-әрекетіне дайын болғанда, яғни 6-7 жастан бастаса да, кеш болмайды. Бүлдіршінді дарынын талантқа айналдырамын деп оның дамып-жетілуіне ықпалы зор ойыннан айыруға болмайды», - дейді бұл туралы психолог Жаңагүл Амантайқызы.

Талант туралы толғамдарымызды қорыта келе айтарымыз, әр азамат өзі таңдаған салада көшбасшы, білікті маман болуға табиғи талантпен қатар зор еңбектің, зейіннің, ынтаның арқасында ғана қол жеткізетіндігі анық. Яғни ұлы Гете айтқандай, "1 пайыз талант пен 99 пайыз төгілген тер" ғана табысқа қол жеткізуге жол ашады.

Гүлнәр Жомартова

Соңғы жаңалықтар