Тал түбінен табылған 4 жасар бүлдіршін жасанды тыныс алу аппаратынан шығарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Тал түбінен табылған 4 жасар бүлдіршіннің беті бері қарап, жағдайы жақсара бастады. Бала жасанды тыныс алу аппаратынан шығарылып, өздігінен демала бастады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне баланың тәтесі Руфина Асқароглы айтты.

Оның айтуынша, қазір бала өзі тыныс алып жатыр.

«Баланың жағдайы жақсарып келеді. Дәрігерлер динамикасы өте жақсы деп жатыр. Сыртқы факторларға реакция бар. Қазір оның қасында анасы отыр. Басқа ешкімді кіргізбейді. Бала есін жия бастағанда, дәрігерлер жасанды комаға кіргізеді. Себебі, оған қазір ұйықтау керек екен. Ең бастысы, баланы жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратты. Ол өзі демалып жатыр», - деді Руфина Асқароглы.

Оның айтуынша, қазір полиция көшедегі бейнекамерадан бір ер адамды бақылауға алған.

«Камерада ер адам Брянская көшесінің бойымен қашып бара жатып, артына, Мұхамед жатқан талдарға қарай береді. Ол баланы камера жоқ жерде соққан сияқты. Сосын, көлігін сол жерде қалдырып, камераға ілінбей, баланы талдың түбіне апарып тастаған. Сосын артына қарайлап қашып бара жатып, камераның назарынан шығып кетеді. Қай жерде камера барын білгеніне қарағанда, осы ауданның тұрғыны сияқты», - дейді Р.Асқароглы.

Оның айтуынша,  бала етпетінен жатқан. Асығыс лақтыра салған сияқты. Кейін оны адамдар тауып алған соң ғана шалқасынан аударып, астына көрпе төсеген.

«Біз оқиғаны көзбен көргендердің хабарласуын өтінеміз. Сіздің жеке мәліметіңіз құпия сақталады. Оған кепілдік береміз. Біз ол жерде біреулер болғанына сенімдіміз», - деді ол.

Айта кету керек, жантүршігерлік оқиға Алматыдағы шығыс айналма жолына жақын Брянская көшесінде болған. 4 жасар баланы көлік қағып, қан жоса болған күйде көрпеге орап, тал түбіне қалдырып кеткен. Ата-анасы бірнеше минут өткен соң ғана баланы жүздеген метр қашықтықтан тауып алған.

Ал дәрігерлер бүлдіршіннің жағдайын өте ауыр деп бағалаған болатын. Медицина мамандары баланың өмірін арашалап қалу үшін барын салды.

 

 

Соңғы жаңалықтар