Тақтайдай тегіс жол туризмді дамытуға септеседі - БҚО (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыздың «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында Қазақстандағы күре жолдар құрылысына айрықша назар аударылғаны белгілі. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде халықаралық маңызы бар Шымкент-Самара жолымен түйісетін Аңқаты-Сарыөмір бағытындағы автожол жөнделуде. Мұның бір ерекшелігі, Теректі ауданы аумағындағы аталмыш жол табиғаты ерекше, суы шипалы саналатын, сондықтан көршілес Ресейден де келіп-кетушілер сейілмейтін әйгілі Шалқар көліне жеткізеді. Демек, тақтайдай тегіс жол өңірдегі туризмді дамытуға да септесетін болады. Бұл жөнінде осы жолдың салыну барысымен танысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атап өтті.

Аңқаты-Сарыөмір жолының жалпы ұзындығы - 64 шақырым. Жұмыстарды қос бірдей мердігер "АзияТехСтрой" мен "Pyramid" ЖШС бөліп атқаруда. Мәселен, "АзияТехСтрой" ЖШС 22 шақырым жол учаскесі мен Аңқаты ауылына қарай 1,5 шақырым кіреберіс жолды орта жөндеумен айналысуда. Бұған 1 млрд. астам теңге бөлінген. Жол құрылысы бөлімінің бастығы Петр Больдтың сөзіне қарағанда, жұмыс екі жылға созылмақ. Биыл 11 шақырым жол жөнделсе, қалған бөлігі келесі жылы іске қосылады. Қазіргі кезде 10 шақырым жолдың табаны салынса, 2 шақырымына асфальт-бетон жабылған. Жұмыстар мұнда жаңа технология бойынша жүргізілуде. Яғни ескі асфальт уатылып, оған цемент қосылып, бетонға айналады. Сосын соның үстіне асфальт салынады. Мамыр айында басталған жұмыс жоспарда көзделгендегідей, қазанда емес, одан ертерек бітпекші.

"Pyramid" ЖШС күні бүгін Сарыөмір ауылына апаратын жолдың 8,7 шақырымын күрделі жөндеу үстінде. 20 маусым күні басталған жұмыс нәтижесінде 7 шақырым жолды жөндеу аяқталған. Бұл жоба құны - 445 млн. теңге. Мердігерлік ұйым директоры Владимир Габриеляннің сөзіне қарағанда, келісімшарт бойынша жол жөндеу қазанда аяқталуы тиіс болса, осынау қарқынмен тамыз айында тәмамдалатын түрі бар.

Өңір басшысы жолдың сапасына, жөндеу жұмыстары кестесінің сақталуы керектігіне баса назар аударып, кейбір селкеулікті жоюды тапсырды. "Елбасы тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан үшін көкейкесті мәселенің бірі - сапалы жол салуға ерекше мән беріліп келеді. Өткен жылы Шыңғырлау мен Қаратөбе аудандары орталықтарына дейін қатқыл табанды жол төселсе, биыл оған қоса Чапаев-Жаңақала-Сайқын, Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары бағытындағы күре жолдар құрылысы жалғасуда. Аңқаты-Сарыөмір жолы да кестеге сәйкес жөнделуде, қаржы уақтылы игеріліп, тиісті талаптар сақталуда. Бұл жол мерзімінде пайдалануға берілсе, ЭКСПО-2017 кезінде Шалқар көліне тек Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шетелден келетін қонақтар көбейеді", - деді әкім.

Айта кетейік, өңірдегі автожолдардың жалпы ұзындығы 6530,55 км болса, соның 1390 шақырымы - республикалық, 5140,55 шақырымы - облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Биыл 90 шақырымнан астам жол құрылысы мен жөндеуге 5 млрд. 832 млн. теңге қарастырылған. Соның ішінде республикалық бюджеттен - 3 млрд. теңге, облыстық қазынадан 2 млрд. 832 млн. теңге бөлініп, бірінші жартыжылдықта 2 млрд. 249 млн. теңге игерілген. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды орта жөндеу барысында өңірде алғаш рет жаңа технология (салқын ресайклирлеу) әдісі қолданылуда. Мұның артықшылығы сол, күрделі жөндеуге қарағанда, екі-үш есе арзан әрі жұмыс мерзімі де қысқарады. 11 нысандағы жөндеу жұмыстарына 9 мердігерлік ұйым тартылған, оларда 200-дей техниканың қатысуымен 300-ден астам адам еңбек етеді.

Соңғы жаңалықтар